Шағын құрамдағы екіжақты келіссөздердің қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың Қырғызстан Президенті ретінде Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарын қазақ еліне көрсетілген айрықша құрметі деп бағалайтынын айтты.
"Қырғызстан – біз үшін одақтас мемлекет, сондай-ақ, тату көрші, бауырлас ел әрі сенімді серіктес", – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ағайын елдің қарым-қатынасын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлін ерекше атап өтті.
Мемлекет басшысы Қырғызстан Президентінің бұл сапары қос мемлекеттің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толған мерейлі кезеңімен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар екенін айтып, бүгінгі келіссөздер қорытындысы қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігін дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді.