Журналист, қоғам белсендісі Жанболат Мамайдың You Tube желісінде сұхбаты жарияланды.
Осы уақытқа дейін билік, мысалға Назарбаев, Тоқаев қаншама сөз айтты, уәде берді. Соның қайсысы орындалып жатыр? Бірін орындап жатқан жоқ. Қазақстанда табиғи байлық деген жетеді. Табиғи қазба байлықтары мұнайы, газы бар. Ұрламасыншы. Жемқорлық болмаса, ұрламаса жетеді, - деді Мамай.
Сұхбат барысында Қазақстанның ұлттық қоры мен шетелдік офшордағы ақшалар жайы сөз болды.
Қазірдің өзінде ресми дерек бойынша 140 миллиард доллар офшорларда жатыр дейді. Ал енді ұлттық қордағы ақшаның көлемі 60 миллиард доллар шамасында. Сонда ұлттық қордағы қаражаттан екі есе көп ақша шетелде офшорларда жатыр, - деді ол.
Нартай Аралбайұлы ресми құжат екеніне дәлеліңіз барма деген сұрақ қойды. Бұл сұраққа Жанболат Мамай "құрғақ статистика" деп жауап берді.
Несиелік амнистия жайында әңгіме өрбіп, Нартай Аралбайұлы несиенің толықтай кешірілуі мүмкін бе екенін сұрады. Халық несиеге телефон, жиһаз бен көлік алады. Тіпті несие алып той жасайды. Оның бәрін кешіру керек пе, деген сұрақ қойылды.
Біздің кеңсемізге қаншама адам келді, телефонымызға хабарласады. Сонда олардан несиені неге алғанын сұраймыз. Көпшілігі медициналық көмек, ем-дом, оқу ақысын төлеу сынды себептерін айтады. Ал тойға алдым дейтін қазақ аз. Бізде несие алса болды той жасайды деген ұғым қалыптасқан. Ондай адамдар бар, бірақ өте аз. Негізінен несиені халық әлеуметтік жағдайы төмен болғандықтан алады. Қазір азық-түлігін несиеге алатын адамдар бар, - деді Жанболат Мамай.
Сіздің биліктің жобасы екеніңіз туралы қауесет көп, Әблязов түрлі дәлелдер келтірді. Сол распа, деген сұрақ қойылды.
Әблязов менің қолымда ешқандай дәлел жоқ деді. Бұл менің өз қисыныммен айтқаным деді. Біраздан бері бізді ғайбаттап келе жатқан бір адам бар еді. Италияда отырады Ержан Тұрғынбай деген. Бір жылдан бері айтпаған сөзі жоқ. Сол өткенде кешірім сұрады. Мен артық кеттім кешірім сұраймын, ашық диалогқа шығайық дейді. Бірлесейік, бірігейік деген ұсыныс айтты. Уақыттың өзі біздің көңіліміздің, ниетіміздің таза екенін дәлелдеп жатыр, - деп жауап берді Жанболат Мамай.
Сұхбат кезінде Жанболат Мамай Әблязовқа қандай көзқараста екенін де айтты.
Мен енді Әблязовқа сенем, сенбеймін деп айта алмаймын. Оның өзіндік саяси жолы бар, саяси көзқарасы бар өзінің жолымен жүре берсін, - деді ол.
Дереккөз: You Tube Nartay Aralbayuli
Басып шығару