Мемлекеттердің қару-жарақ модернизациясы жөнінде арнайы бағдарлама жасауы өте жоғары деңгейдегі ядролық жарысқа алып келуі ықтимал. Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш мәлімдеді.
Оның айтуынша, ядролық қаруды жоя ісі кейіндеп қалған. Бұл алып державалардың қарым-қатынасындағы жарықшақтың күн сайын үлкейіп бара жатқан уақытында өте қауіпті екен.
«Ядролық қаруды жою – ұйымның құрылған сәтінен бастап басты мақсаттарының бірі. Хиросима Нагасаки қасіреті мен БҰҰ құрылғалы 75 жыл өтсе де әлем халқы ядролық қару көлеңкесінде өмір сүріп келеді», - деді Бас хатшы Ядролық қаруға қарсы күрес күнін насихаттауға арналған үлкен отырыста.
Ол ядролық қаруды ұлттық қауіпсіздікті сақтап, күн көру үшін ұстап отырған елдерді сынға ала келіп, күллі адамзатқа залалын тигізетін қарудан бас тарту керек екенін айтты.
Ұйым басшысы әлемдегі алпауыт ядролық арсенал көлеміне шектеу қоятын жалғыз келісімнің уақыты 2021 жылдың бас кезінде аяқталатынын айтып, Ресей мен АҚШ-ты аталмыш келісімді максималды уақыта ұзартуға шақырды.
Басып шығару