Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының төраға орынбасары Жансейіт Түймебаевты қабылдады.
«Елбасы Қазақстандағы әзірбайжан және армян диаспорасының Таулы Қарабақтағы қарулы қақтығысты тоқтату туралы ортақ үндеуін қолдайтынын жеткізді. Нұрсұлтан Назарбаев даудың өршіп бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, Қазақстанның екі бауырлас мемлекетпен келіссөз жүргізу қажет екенін айтты», - деп жазылған хабарламада.
Түймебаев Елбасыға этникааралық қарым-қатынас жөніндегі мемлекеттік басқару реформаларының нәтижелері туралы баяндады. Әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, Қазақстан халқының 92,4 пайызы елдегі ұлтаралық қарым-қатынасты жақсы деп бағаласа, 89,2 пайызы ұлтаралық қарым-қатынасты одан әрі күшейте түсу керектігін жеткізген.
Нұрсұлтан Назарбаев Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевпен де кездесті. Министр Елбасыға карантин уақытындағы қоғамдық тәртіпті сақтау және жеке құрамдағы эпидахуалды бақылауда ұстау туралы баяндады. Сондай-ақ, Тұрғымбаев құқық қорғау органдарындағы жұмыстың ашық түрде өтуі, халықпен байланыс жасау сияқты мәселелер жөнінде сөз қозғады.
«Мемлекеттік органдар қоғамның көңілінен шығуы керек. Азаматтармен кері байланыс орнату, халықпен диалогке шығу өте маңызды. Басты мақсат – халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімін көтеру және саладағы жұмыс сапасын арттыру», - деді Елбасы.
Елбасы жергілікті полиция қызметіне реформа жасап, елдегі тұрақты жағдайды сақтап отыру үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын сапалы орындау қажет екенін айтты.
Басып шығару