Алдымен бауырдың бір бөлігін пышақ жүзінің ортасына дейін жеткізіп, артынша сол қалпы жерге қадам кетіп жүргендер кімдер? Халық емі ме, әлде өзгеше сенім бе? Осындай сауалдар қарағандылықтарды дал қылып отыр. Саябақтар мен скверлер басқармасының қызметкері пышақтардың көбеюі үрей туғызып, жұмыс істеуге аяғы тартпайтынын айтаы. Алғашында төрт пышақ, артынша тағы бірнеше пышақ табылған.
«Жарық түскенде жарқырайтын белгісіз сұйықтық құйылып, пышақ соның үстіне қадалған. Ал пышақтың жанына бірнеше тиын-тебен тасталған», - дейді Наталья Ежова.
Әйелдер мұндай көріністен қорқып қалғанын, кейін сұйықтықтың орынына бауыр қадалған пышақтар пайда болғанын айтады. Қызметкерлер пышақты ұстаудан бас тартқан соң полиция шақырылыпты. Полиция қызметкерлері жаңа, тіпті, саусақ іздері жоқ 20 ас үй пышағын тапқан. Халықтың зәре-құтын қашырғандарды табудағы жалғыз үміт бейнебақылаудан екен.
«Малдың бауыры қазір ветеринар қызметіне жіберілген. Пышақтар сатылуы мүмкін дүкендер қарастырылуда. Кінәлі азаматты табу үшін жедел іздеу шаралары жүргізілуде», - деді орталық полиция бөлімінің басшысының орынбасары Асылбек Сейтжанов.
Дәл осыған ұқсас жағдай Қарағандыда екі жыл бұрын тіркелген. Ол уақытта 68 жастағы зейнеткер әжей халық емін жасаймын деп 72 ас үй пышағын балалар алаңқайына қадап кеткен. Зейнеткер «Ұсақ бұзақылық» бойынша жауапкершілікке тартылып еді. Бауыр. Пышақ. Ұсақ тиындар. Мұның барлығы қандай да бір салтты білдіруі мүмкін бе?! Маман пікірі мынандай.
«Егер пышақ бауырға қадалып, лентамен байланса және жанында ақша болса, бұл – дуалау. Дуа қалталы кәсіпкерге тапсырыс арқылы жасалуы мүмкін. Бауыр – адам ағзасының айнасы. Дуаланған адам ішкілікке салынып кетіп, кәсібі тапсырыс берушіге өтсін деген оймен жасалған. Адамдар құдайдан қорықпайды, өмірде бәріне жауап беретінімізді ұмытпауымыз керек», - деді эксперт Луиза Исаевна.
Ал қарағандылықтар мұны қараңғылық деп есептейді. Пышақтар алаңқайда жүгіріп ойнайтын балаларды жарақаттауы әбден мүмкін екен...