Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі, көпшіліктің ықыласына бөленген басшы Алексей Цой ресейлік вакциналарды сатып алудың жолдарын және бұл екпеден қазақстандықтар зардап шексе жауапқа кім тартылатынын айтты.
Atameken Business телеарнасына берген сұхбатында министр бұл екпені салу-салмау әркімнің өз еркінде болатынын жеткізді.
«Халық денсаулығы туралы Кодекс бойынша, бізде міндетті және ерікті екпелер бар. Біз коронавирус вакцинасын ерікті екпелер қатарына қосу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені қазіргі вакциналардың нәтижесі әлі толық зерттелмеген. Бірақ біз қолда бар вакциналарды Қазақстан аумағында қолдануымыз керек», - деді ол.
Екпе медицина қызметкелеріне, қарт кісілерге және созылмалы ауруы бар науқастарға тегін болады. Министрдің айтуынша, Қазақстан да өз вакцинасын жасады. Оны жануарларға сынау барысында жақсы нәтиже көрсетіпті. Қазір отандық екпені сынау үшін еріктілер өтініш білдіріп жатыр екен.
«Біз жақын арада ғалымдармен, дәрігерлермен бірге Ресейге барып, вакцинаның клиникалық сынағының нәтижелерімен танысамыз. Егер көңілден шықса, онда ресейлік екпені Қазақстанға тасымалдау жағын қарастырамыз», - деді Цой.
Оның айтуынша, екпе тақырыбындағы ең басты мәселе - оның сапасы мен қауіпсіздігінің жауапкершілігі.
«Ең басты мәселе – екпенің қауіпсіздігі мен сапасының жауапкершілігі. Қазір кей кісілер екпені тезірек нарыққа шығаруға құлшынып отыр. Дәрілер мен медициналық заттарды сараптау ұлттық орталығы кез келген препараттың, оның ішінде екпенің сапасын тексереді. Бағалау халықаралық заңнамаларға сүйене отырып жүргізіледі.
Дегенмен, кез келген дәрінің кері әсер етуі ықтимал. Екпе де сол сияқты. Қателіктің қандай сатыда кеткенін сараптайтын комиссия құрылады. Мысалы, науқастың екпеге қарсы ауруы бар болса, оған вакцина салуға рұқсат берген дәрігер жауапты. Егер екпе сапасы нашар болса, оны тексерген адам жауапты. Егер мәселе логистикалық талаптардың толық орындалмауында болса, онда тасымалдаушы жауапты», - деді министр.
Басып шығару