Microsoft компаниясының негізін қалаушы, атақты миллиардер Билл Гейтс жақын жылдары құрбандар саны коронавирус инфекциясынан қаза тапқандардан да көп болуы ықтимал қауіпті атады.
«Жаһандық дағдарыс әлемді шарасыз күйге түсірді. Карантин адамдарды үйден шығуға қорқатын деңгейге жеткізді, мұның арты экономикаға ауыр соққы болып тиеді. Бұл – бір. Екінші қауіп – алдағы онжылдықтар ішінде климаттың өзгеруі. Бұл қатер коронавирус пандемиясынан да қауіпті әрі қорқынышты», - деді Гейтс.
Оның айтуынша, климаттың қазіргі қалпын сақтап қалу үшін бүгіннен бастап ауаға зиянды заттар шығаратын өндірістерді қысқарту керек.
«Халықаралық энергетика агенттігі биыл ауаға шығатын зиянды қалдықтардың 8 пайызға азайғанын айтып отыр. Қарапайым түрде айтсақ, жылына ауаға шығатын қоқыстар көлемі 51 миллиард тоннадан 47 миллиард тоннаға ғана азайды», - деді миллиардер.
Мұндай оң көрсеткіш коронавирус пандемиясы кезіндегі жаһандық шектелу арқылы байқалып отыр-мыс.
«Егер біз әлемдегі көмірқышқыл газы қалдықтарын азайтпасақ, дәл бүгінгі коронавирус инфекциясының зардабы (адам өлімі, экономиканың құлдырауы) қалыпты жағдайға айналады», - дейді ол.
Билл мырзаның мәліметіне сүйенсек, 2060 жылы климаттың кесірінен адам өлімі көбейеді. Ал 2100 жылға қарай бұл көрсеткіш 5 есеге артпақ. Дәл осындай мәлімдемені кеше British Petroleum компаниясынан естідік. Олар ендігі уақытта энергетика саласына инвестиция салмақ. Әлемнің байлары қалтаны ойлайды ма, халықты ма?
Басып шығару