Қазақстандағы ақпарат аламаны әлемге Ресей көзімен қарайды. Дәл осы тұжырымның қайталанып келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі өтті. Жылдар жылжыған сайын санасы ашық азаматтар бұл тақырыпты қаузап, проблеманың шешімін іздеу үстінде.
Осындай азаматтардың бірі – Бигелді Ғабдуллин өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында орыстың ақпарат экспансиясынан құтылу тақырыбын қайта қозғапты. Сөзін аударып, назарыңызға ұсындық, көз салыңыз.
«Ақпараттық қауіпсіздік – елдің ұлттық қауіпсіздігінің маңызды бөлігі. Ұлттық қауіпсіздік Тәуелсіздікті қорғайды. Егер ұлт өзінің құндылықтарын сақтауға, оны насихаттауға қауқарлы болса, ұлттық қауіпсіздіктен күдік болмас еді.
Өкінішке қарай, біздің билік кеңес дәуіріндегі аралас құндылықтарды ажыратуға күш салмай, жалпы жаһандық мәденике бет бұрды және ақпаратты ауыздықтауға күш салды.
Бір данышпан «ең үлкен қорқыныш – өз-өзіңді тыңдамау» деген екен. Қазір дәл осы жайт қайталанып отыр. Қазақстанның ақпарат құралдары бүгінгі күннің шынайы суретін жеткізе алмай отыр. Ауыздықталған. «Хабар» арнасын көріп, «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерін оқып отырып керемет өмір сүріп жатқаныңа сенесің.
Ал шындықты қалайтын, өтірікке жаны қас адамдар ше? Олар бұл арналарды ауыстырып, дәл осы тактикамен жұмыс істейтін ресейлік арналарды көреді. Егер біз көрерменді, оқырманды қазақстандық ақпарат құралдарына қайтарғымыз келсе, онда сапалы контент жасап, қазақстандық ақпарат платформаларын түбегейлі қайта құруымыз керек.
БАҚ саласындағы жағдай, бұл саланың кадр саясаты көңіл құлазытады. Бұл саланың дамуын билік жедел қолға алу керек. Әйтпесе билік те, халық та идеологиядан жұрдай болмақ.
Біздегі қасірет – идеологияның жоғалуы, БАҚ-тың тегеурінді күш екенінің ұмытылуы. Журналистика – төртінші билік. Тек дәл осылай Конституцияда жазылмаған. 30 жыл ішінде журналистердің күшімен қанша дүние атқарылды. 90 жылдары жасалған кей революцияларға журналистердің тікелей қатысы бар.
Бүгінде саяси партиялардың барлығы өздерінің таралымды басылымдары арқылы жұмыс істеп тұр. Егер олардың қолынан газетті тартып алсақ, онда партия да құрдымға кетеді.
Ақпараттық саясат дегеніміз – мемлекет тарапынан ақпарат процесін қадағалау. Бірақ шамадан артық кетпеу керек. БАҚ – ақпарат шығаратын фабрика емес, жүйенің өзін-өзі бақылайтын құралы. Осындай қадағалау процесі жүріп тұрғанда үшінші жақтан бұл іске абайлап араласу керек. Ақпараттық жұмыс процесінде басылымды ауыздықтап қалаған жағыңа бұрып отыруға болмайды. Қазір әлеуметтік желі бар, шетелдік басылымдар бар. Бұрынғы қалыппен жұмыс істеу қисынсыз енді.
БАҚ – халық пен мемлекет арасындағы делдал. Егер ақпарат құралы халықтан алыстаса, онда бұл басылымның немесе арнаның ешкімге қажетсіз болып қалатыны анық.
Әрине, ресейлік ақпарат экспансиясынан техникалық мүмкіндіктер арқылы құтылуға болады. Мысалы, ресейлік арналарды өшіріп, олардың газет-журналын әкелуге тыйым салып дегендей... Бұл тәсілді бірқатар посткеңестік мемлекеттер қолданды. Бірақ бұл мәселенің толық шешімі емес. Бізге ұлттық идеология керек. Ақпарат құралдарындағы кадр саясатына мән беру керек.
Бұл ұсынысты жүзеге асыру қиындық тудыра қоймас. Дегенмен, бұған ерік-жігер жетсе... саяси...»
Басып шығару