Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой шектеу шараларының қашан жеңілдей бастайтыны туралы мәлімдеме жасады.
«Біз қазір жоспар жасау үстіндеміз. Алдағы уақытта жаңа ережелерді жариялаймыз. Халықаралық тәжірибе мен сарапшылар пікірі ескерілді. Бірден жеңілдетуге жол бермейтініміз анық. Барлығын сатылы түрде жасаймыз. Қазіргі эпидемиологиялық жағдайды басты назарға аламыз. Аймақтарды жеке-жеке бөліп қарастыру маңызды. Басқа шаралар, мысалы демалыс күндердегі локдаун жариялауымыз ықтимал. Көптеген әдіс-тәсілдер бар, біз нәтиже беретін жолды таңдаймыз», - деді ол.
Министр «Хабар» арнасынан тікелей эфирде жасаған мәлімдемесінде балабақшалар мен түрлі оқу орталықтарының ашылуына қатысты да пікір білдірді.
«Тамыздың екісі күні біз жағдайды сараптап, әрі қарай қолданатын шараларды бекітеміз. Әрине, егер жағдай дұрыс болса аталмыш орталықтарды ашу мәселесін көтеруге болады. Егер науқастар саны қайтадан күрт артса, біз мемлекеттім комиссияға шектеу шараларын ұзарту туралы ұсыныс жасаймыз. Қазір біз жағдайдың тұрақтанғанын көріп отырмыз. Бұл шектеу шараларының алғашқы нәтижелері 3-4 аптада байқалуы керек. Өйткені инфекцияның инкуациялық мерзімі 14 күн. Тамыз айының ортасында біз карантин шараларының нәтижесін көре аламыз. Сол уақытта шектеу шараларын жеңілдетіп, азаматтарға жұмыс істеуге мүмкіндік беру мәселесін қарастыруға болады. Ал балалар бірінші тоқсанда қашықтан оқиды», - деді министр.
Басып шығару