Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров Almaty Arena мен Halyk Arena спорт кешендерінің қосымша кереуеттермен жабдықталған стационарға айналатынын мәлімдеді.
«Науқастар санының артуына байланысты қалада орын жетіспеушілігі бар. Бүгінде ауруханалардағы кереуеттер 90 пайызға, жұқпалы аурулар ауруханаларындағы кереуеттер 95 пайызға толды. Біз қазір орындар санын арттыру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Halyk Arena спорт кешенінде 500 орын жабдықталады. Теміржол ауруханасынан 150 орын қарастырдық. Өзімізде бар 1940 орынға осылайша 650 орын қостық. Егер жағдай ушығып кетсе Halyk Arena базасынан тағы 300 орын табуға болады. Сонымен қатар, аналог нұсқа ретінде Almaty Arena спорт кешені көзделіп отыр. Осындай қосымша орындар арқылы біз науқастарға арналған кереуеттер саны 3700-ге жеткіздік», - деді ол.
Надыровтың айтуынша, басқарма қызметкерлері қала ішінен бірқатар орындарды ауруханаға айналдыру үшін қарастырған екен. Дегенмен, жоғарыда аталған екі спорт кешенінің ғимараты талаптарға сай келгендіктен, осындай шешім қабылданған.
«Әрине, барлығы жағдайдың қалай өрбитініне байланысты. Егер ушыға түссе, біз тағы да қосымша орындар қарастыруға мәжбүр боламыз», - деді ол.
Басып шығару