Ақтөбеде бір тәулікте төрт адам суға батып кетті. Олардың денесін құтқарушылар жағаға шығарды.
Ақтөбе қаласы Өрлеу ауылында суға түсуге арналмаған орында бір үйдің 2006 жылғы және 2004 жылғы екі адамы суға батып кеткені жөнінде ақпарат келіп түсті. Оқиға орнына дереу құтқарушылар жетті. Құтқарушылар дронның көмегімен 16 жастағы жасөспірім мен 18 жастағы азаматтың денесін тапты. Олар жағадан 13-15 метр қашықтықта 1,8-2 метр тереңдіктен шығарылды.
«Кеше сағат 20:40-та Ақтөбе қаласы, коммуналдық жағажай ауданында (қарама-қарсы бетінде) суға түсуге жабдықталмаған орында 2 адамның суға батып кеткені жөнінде ақпарат келіп түсті. Шақырту орнына құтқарушылар жеткен кезде 19 және 20 жастағы азаматтардың суға батқаны анықталды. Құтқарушылардың күшімен олардың денесі жағадан 40 метр қашықтықта 5 метр тереңдіктен шығарылды»,- деді облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Айта кету керек, Ақтөбе облысында суға түсуге рұқсат етілген 72 орын бар. Ал Ақтөбе қаласы бойынша 18 жағажай белгіленген. Оның ішінде бір аквапарк, бір коммуналдық және 16 жеке жағажай. Ақтөбе облысының ТЖ департаменті су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтап, рұқсат етілген орындарға ғана суға түсуге кеңес береді.
Басып шығару