Бүгін әлеуметтік желіде Орал қаласында орын алған келеңсіз жағдайдың видеосы тарап кетті. Оқырманға түсінікті болуы үшін оқиғаны тарқатып айталық.
Орал қаласындағы «Мәңгілік алауға» ұзын саны он-он бес адамды құрайтын адамдар тобы (ер, әйелі аралас) келген. Олардың қолында КСРО жалауы және Сталиннің портреті жапсырылған, гүл шоқтары жиналған кәрзеңкенің болды. Олар осындай әдіспен алда келе жатқан Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл екенін ескеріп, марқұмдарды еске алмақшы екен.
Алаңның маңында полиция қызметкерлері де болды. Олар жағдайды сырттай бақылап тұрған.
Әлден уақытта қолдарында «Сталин – палач», «Сталинді дәріптеуге жол жоқ» деген жазуы бар плакат ұстаған екі жас еске алушылардың алдын кес-кестейді. Қос тарап осы тұста келіспей қалған. Ашуға булыққан жас жігіт гүл себетінің бетіне жапсырылған Сталиннің портретін жұлып алып қашады. Бірақ тәртіп сақшылары оған адым аштырмады.
Осы тұста портреттің егесі де жеткен полиция қызметкерлерінің жанына.
«Портретті қайтар! Қайтар! Бұл соғысқа менің әкем қатысқан. Ешкімнің мені тоқтатуға қақы жоқ», - деді әйел.
Полиция қызметкерлері жас жігіттің қолындағы диктатор суретін иесіне қайтарды.
Одан әрі дау «Мәңгілік алаудың» жанында жалғасты. Соғыс ардагерінің ұлы Сталиннің қазақ жеріне жасаған «орасан зор қайырымдылығын» айтып, оны ақтап алуға тырысты.
Еске алушылар өздерінің әрекетін «ұлы қолбасшының» туғанына 140 жыл толғанын ескерусіз қалдырғысы келмегендіктерімен түсіндірді.