ҚР Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустан, коронавирустық пневмониядан үйде және стационарларда емделіп жатқан науқастарға 5 түрлі дәріні ұсынады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді. «Адамдар бұл препараттарды көшеден іздеп жүрмесі үшін, алдын ала біз пневмонияны, коронавирустық пневмонияны, коронавирусты үйде және амбулаторияда тікелей емдеуге арналған 5 негізгі фармацевтикалық дәрі-дәрмекті хатамаға қосу мәселесін пысықтаймыз. Қазір қажетті процедуралар жүргізіліп жатыр, емдеу хаттамалары енгізілуде, біз науқастардың ауруханаға бармай-ақ үйде алуға болатындай етіп дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесімен айналысып жатырмыз», - деді ол.
Министр қажетті дәрі-дәрмектердің сатылымға қашан шығатыны туралы да мәлімет берді. Тегін дәрілер диагнозы анықталып, үйде ем алып жатқан науқастарға беріледі.
«Біз Ресей мен Үндістаннан 4 миллион қораптан астам дәрі-дәрмек алғыздық. Сонымен қатар әрбір аймақ та осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Кей жерлерде дәрі-дәрмек жетіспеушілігі байқалады. Бірақ жағдай дұрысталып келеді, кемшіліктер толтырылады. Біздің компаниялар қолда бар препараттарды уақытылы жеткізеді деп ойлаймын», - деді Цой.
Басып шығару