НҰР-СҰЛТАН. BAIRAQ.KZ - Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Ұлттық музейдің ұжымына жаңа директор Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арыстанбек Мұхамедиұлын таныстырды деп хабарлайды bairaq.kz тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ҚР Ұлттық музейдің ұжымына жаңа директоры Арыстанбек Мұхамедиұлын Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың 2019 жылғы 10 шілдедегі өкіміне сәйкес мәтінін оқып таныстырып өтті.
Арыстанбек Мұхамедиұлы еңбек жолын 1984 жылы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының әртісі болып бастаған. 1991-1993 жж.- Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің бас маманы болып қызмет атқарған. 1997 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Ұлттық Жоғары мектебін «Мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша бітірген. 1997-2001 жылдары Қазақстан Республикасы Республикалық гвардиясы Президенттік оркестрінің бастығы. 2001 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасын бітіріп, 2003 жылы кандидаттық диссертация қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі берілді (Ph.D). 2003 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі «Республикалық және халықаралық мәдени бағдарламалар дирекциясы» РМҚК-нің атқарушы директоры, 2005 жылы - «Қазақ әуендері» АҚ-ның президенті. 2006 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі лауазымында қызмет еткен тұста ол үкіметтік және халықаралық деңгейде өткізілетін («Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы секілді) кең көлемді мәдени шаралардың ұйымдастырушысы болған. 2007 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі әлеуметтік саясат бөлімінің бас инспекторы, ішкі саясат бөлімі мәдениет секторының меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2008 жылы Қазақстан Республикасының Президентінің бұйрығымен Т.К. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры болып тағайындалды. 2014-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі. Өнертану докторы, профессор, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Құрмет» орденінің кавалері.
Басып шығару