Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультеті, баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының бір топ студенттері мен аға оқытушылары Өзбекстанның Камолиддин Бехзод атындағы Ұлттық Өнер және дизайн институтына арнайы тәжірибе алмасуға барды.
ТАШКЕНТ САПАРЫ. БІРІНШІ КҮН. Қазақстаннан барған студенттерді Ұлттық өнер және дизайн институтының оқу ісі жөніндегі Проректоры Кайтаров Хасан Шоназарович, Жастар мәселесі және рухани білім мәселесі бойынша Проректоры Сангиров Ботир Юсупович пен Миниатюра және кітап графикасы бөлімінің меңгерушісі Рашидов Джамшид Хусанугли қарсы алды.
Камолиддин Бехзод атындағы Ұлттық Өнер және дизайн институтының материалды базасы мен өзбек студенттердің институттағы тыныс-тіршілігімен танысқан қазақ студенттері, атақты суретшілер мен дизайнерлер сабақ өткен аудиториялар мен шеберханаларды аралаудан бастады.
Сондай-ақ, “Дизайн” тобының 2 және 3 курс студенттері Өзбекстанның Өнер академиясында “Миниатюра және кітап графикасы” кафедрасының кәсіби мамандарынан дәріс тыңдап қайтты. Атап айтқанда, “Графика” кафедрасының доценті Мария Ли-Сафи Өзбекстанның кітап тарихына кеңінен тоқталып, “Кітап құрылымы” тақырыбында авторлық шеберлік сағатын өтті.
Мария Ли Сафи композиция негіздерінің мақсаты мен шешімдеріне арнайы тоқталып, дизайн қолданысындағы стильдің түрлерін тарқата баяндап берді. Марияның шеберлік сағатына қатысқан қазақ жастары өз сауалдарын қойып, автордың дәріс өтуге қажетті бірнеше әдебиеттері мен оқулықтарымен танысты. Мария Сафидің шеберлігіне қызыққан студенттер, бұл дәрістің жалғасы тағы да болса деген ниеттерін білдірді.
ТАШКЕНТ САПАРЫ. ЕКІНШІ КҮН. Ташкентте өткен екі күндік практикалық семинардың студенттерге берері мол болды. Камолиддин Бехзод атындағы Ұлттық өнер және дизайн институтының миниатюра және кітап графикасы бөлімінің меңгерушісі Рашидов Джамшид Хусан угли екі күндік арнайы шеберлік сағаттарын ұйымдастырып, қазақ жастарына каллиграфияны меңгертуге мұрындық болды.
Ислам діні елдерінде көркем жазу өнеріне үлкен көңіл бөлінгенін ескерсек, Каллиграфия - көркем әрі анық жазу өнері екенін бұрыннан білеміз. Өнер және дизайн институтының ұстазы Авазбек Кодировтың түсіндіруінше VІІ ғасырларда Құран үшін және мемлекеттік мәні бар жазбалар үшін арнайы әшекейлі куфи жазуы қолданылғанын, ал, Х-ХV ғасырларда Араб жазуының насхи, насталик жазуы кең тарап, әдеби, ғылыми текстерді көшіруші ірі каллиграфтардың шыққанын білдік. Жалпы, Араб мәдениеті тарихында атақты шайырлардың кітаптарын көшіріп, халыққа қолжазба күйінде таратушы — хүсни- хатшылардың қызметі де жоғары бағаланғанын білеміз. Қазіргі кезде кітап басу ісінің еркендеуіне байланысты Көркем жазу өнері фафика, көркемдеу салаларында ғана шектеліп қалды. Осындай көркем жазулардың тарихына үңіле отырып, тамырынан үзіп алмай үйретіп отырған өзбектердің каллиграфияны 4 курс бойы әлі де тереңдете оқытып отырғанына тәнті болдық.
Әдемі жазудың тарихы мен қаріп және жазу құралдары туралы, стилистика өнері жайлы білімдерін толықтырған болашақ қазақ дизайнерлерінің қимастық сезімін байқаған өзбек оқытушылары екі күнге созылған “Кітап құрылымы” және “Каллиграфия” шеберлік сағатының жалғасын келесі жылы Алматыға келіп өткізуге уәде берді.
Семинар аяқталған соң, Қазақстандық студенттер Өзбекстан қолданбалы өнер сәндік мұражайына барып, Ташкент қаласының көрікті жерлерін аралады.
Nurlyaiym Danayeva
Zhazira Batyrkhanova
Ardak Belgarayeva
Алматы-Ташкент-Алматы
Басып шығару