Кеше Елордада «Ахмет. Ұлт ұстазы» атты тарихи сериалдың тұсаукесері болды. Желіде ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның, ҚР Парламенті Сенаты депутаты Нұртөре Жүсіптің, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Бекболат Тілеуханның тұсаукесерге қатысқанын айғақтайтын видеоматериалдар тарады. Ералы Тоғжанов ерекше ықылас танытып, қолдау білдірген режиссер Мұрат Есжан ақпарат құралдарына өз туындысы жайлы пікір білдіріпті.
«Біздің ғылыми кеңесшіміз – Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынов музейінің директоры, «Ғасыр саңлағы» кітабының авторы Райхан Имахамбетова. Көркемдік кеңесшіміз – алаштанушы Ұшқын Сайдрахманұлы. Сценарий жазу барысында олар басынан аяғына дейін бізбен бірге болды. Ал сценарийді белгілі жазушы, драматург Ұларбек Нұрғалымұлымен бірігіп жаздық. Жазу барысында 50-ге жуық кітапты пайдаландық», - деді М. Есжан.
Оның айтуынша, Ахмет Байтұрсынов образын ашуда оның замандастарының болмауы айтарлықтай қиындық туғызыпты.
«Қиындықтарға келсек, ол кісімен әңгімелескен, кездескен ешкім қалмаған, қамалғаннан кейін не айтқанын білмейміз», - деді ол.
Режиссер Ахмет Байтұрсыновтың мұраларын зерттеушілер арасында пікір қайшылығы бар екенін алға тартты. Бірақ деректі фильм болмағандықтан Байтұрсынов тұлғасына, атақ-абыройына нұқсан келтірмейтін және көркемдік шындыққа жанасатын деректер алынған.
Мұрат Есжанның айтуынша, кинотуынды локациясына Алматы қаласының айналасы таңдалған. Негізгі локация ретінде Алматы және Жаркент қалалары қарастырылған. Ал Орынбор, Торғай өңірлерінде түсірілім жасауға қаражат қол байлаған көрінеді.
Басып шығару