Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Әскербекұлы Абаев белгілі театр және кино актері Төлеубек Мұхамеджанұлы Аралбайдың қайтыс болуына байланысты қазақ жұртшылығына, марқұмның отбасына көңіл айтты.
«Бүгін қазақ мәдениеті мен өнері ауыр қазаға душар болды. Елімізге белгілі театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Төлеубек Аралбай дүниеден озды. Бұл қаралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадым.
Төлеубек Мұхамеджанұлы саналы ғұмырын қазақ театры мен киносын дамыту ісіне арнады. Еліміздің мәдениеті мен руханиятын өсіп-өркендетуге өлшеусіз үлес қосты. Сахнада сомдаған және фильмдерде ойнаған бірегей рөлдері арқылы көрермен жүрегінің төрінен өшпес орын алды. Өнегелі өмір иесінің жарқын бейнесі халқымыздың жадында мəңгі сақталады деп сенемін.
Марқұмның отбасы мен жақындарына Мәдениет және спорт министрлігінің және өзімнің атымнан қайғырып көңіл айтамын», - деп жазды ол әлеуметтік желідегі өз парақшасында.