Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, актриса Ғазиза Әбдінәбиева қайтыс болды. Қаралы хабарды Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат Маемиров Facebook желісіндегі парақшасында естіртті.
"ҒАЗИЗА АПА.... Апа-оу егілттіңіз ғой, жылаттыңыз ғой дүйім елді.... Қазақ театры мен кино өнерінің мақтанышына айналған Ғазиза Әбдінәбиева дүниеден өтті. Аты жаман тажал ауру ешкімді аямады. Жарты ғасыр бойы қазақ театрының төрінде шынайылығымен, табиғи талантымен көрерменін тамсандырған Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, "Парасат", "Құрмет" ордендерінің иегері Ғазиза Әбдінәбиева - жаны мен жүрегі мейірімге толы, адалдықты ту еткен болмысы бөлек жан еді.... Сахна кеңістігінде Мөржандай асыл аналардың, Ару қыздардың бейнесін сомдаған аса талантты актриса, аяулы жан дүниеден өтті. Көкіректі кернейтін өкініш... Ғазиза Апа, асыл апам-ай...", - деп жазды ол.
Ғазиза Әбдінәбиева - 1948жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданында дүниеге келген. Қазақ Ұлттық консерваториясынның (бұрынғы Алматы консерваториясы) "актерлік шеберлік" факультетін бітірген (1970). Консерваторияның 4 курсында оқып жүріп, 1969жылы Ғ.Мүсіріепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына қабылданған.
1969-1993 жж осы театрда аянбай еңбек етеді. Кейін 1993жылы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына актерлік бөліміне ауысады.
Басып шығару