Отандық түркология іліміне, әсіресе құпиясы мен сыры мол көне жазулардың табылуы мен танылуына, зерттелуіне үлес қосқан отандық көрнекті түркітанушы Ә. Марғұлан, Ш. Уәлиханов, Қ. Жұбанов, Ғ. Айдаров, С. Аманжолов, А. Ағыманов, М. Жолдасбеков, Ғ. Мұсабаев, Қ. Өміралиев, Б. Нұрмұғамбетов, Н. Сауранбаев, Т. Томанов, т.б. ғалымдардың есімдерімен тығыз байланысты. Әсіресе көне жазуларды зерттеуде, оның сырына терең бойлаған Ғұбайдолла Айдаровтың орны ерекше. Ғалымның өмірі мен қызметі жайлы мәлімет берген ғалым Б. Әбілқасымовтың айтуынша, Ғұбайдолла Айдаров С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасында оқып жүргенде көне түркі, ескі ұйғыр және моңғол жазуларына қызығады. Осы жазуларды оқып, үйренуге бел байлайды. Санкт-Петербург университетінің түлегі, көне түркі жазуларының білгір мамандарының бірі – ғалым Ц.Д. Номинханов Ғұбайдолла Айдаровқа VI-VIII ғасырлардағы түркі тайпаларының өздеріне тән жазуы болғанын айтып, жас жігітке құпия жазудың сыр-сипатын үйрете бастайды. Ол кез Ц.Д. Номинханов ҚазМУ-дің Қазақ тілі кафедрасының доценті еді. Сонымен қатар Ғ. Айдаров С.Е. Маловпен тығыз байланыс жасай жүріп, орхон-енисей жазуларын еркін оқи алатын дәрежеге жетеді [1].
Түркітанушының тілтанымдық шеңбері өте кең болуы аса маңызды. Себебі сөз тарихын зерттеудің аса бір қиындығы – көне жазба ескерткіштерді, тасқа қашалған жазудың түр-түрін танып-талдау керектігінде. Ескіліктегі көне түркі, көне ұйғыр, армян, ескі гот, латын, араб т.б. жазулардың барын ескерсек, ғалымның осы аталған жазуларды жетік меңгергендігін ғылыми еңбектерінен байқаймыз. Ғалымның белгілі бір жазба ескерткіштің жазуын талдағанда ескі кельт пе, соғды жазуы ма, ескі гот па, ескі славян жазуы ма, индогот жазуы ма, грек жазуы ма, фин халықтарының ерте кездегі жазуы ма? Осы сияқты жазулардың ара-жігін ажыратып, өзінің ғылыми топшылауларын келтіріп отырады. Мәселен, ғалым Кошо-қайдам алқабындағы Орхон өзенінің бойынан табылған Білге қаған ескерткішінің екі тілде жазылғандығын (түркіше, қытайша) анықтайды. Сондай-ақ, ғалым Орхон жазуымен жазылған ұсақ-түйек бірсыпыра ескерткіштердің барын айта келіп, олардың таңбалары, ұйғыр, араб жазулырамен аралас келгендігін де айта кетеді. Ғалымның Тоныкөк ескерткішіндегі йабыз (жауыз), бад (жаман), баз (бейбітшілік), шад (шат), чынтан (ағаш түрі), барқ (жай, сарай) сөздерін соғды тілінен, кунчуй (бикеш), сенүң (әскери), табғаш (қытай) сөздерін қытай тілінен, мар (ұстаз) сөзін санскрит тілінен енген деп көрсетеді. Ғалымның осындай ғылыми ізденістеріндегі графикатанушылық қасиеті, көп тілді білуі шетел ғалымдарын да тамсандырған.
Ғалымның көне жазуды өте жетік меңгергенінің және жеңіл оқуының арқасында әр ескерткіштің мерзімі, көлемі, құрылымы, тілі, жанры, стилі деген сияқты тағы басқа ерекшеліктері тұрғысынан талдап қана қоймай, ескі ме, жаңа ма? Қай өзеннің бойындағы жазу жақсы сақталған? Жақсы сақталуының себебі неде? деген мәселелерге де назарын аударып, ғылыми тұрғыдан негіздеп отырады. Мәселен, ғалым туған жері Маңғыстаудың тарихын бейнелейтін ескерткіштерге экспедиция жасап, зерттеулер жүргізеді. Маңғыстау түбегінде кездесетін ескерткіштердің бірі – ескі мен құлпытастар туралы ғалым: «Құлпытастар ерте заманда түркі тайпалары қолданған балбалдардың өзгерген түрі. Балбалдарды ескерткіштер ретінде VI-VIII ғасырлардағы түркі тайпалары да, қарлұқтар да, қыпшақ-половцылар да кеңінен қолданды. Орта Азияға мұсылман дінінің бірте-бірте еніп, кең өріс алуына байланысты жанды нәрселердің суреттерін бейнелеуге тыйым салынды. Сөйтіп, балабалдардың орнына құлпытастар пайда болды. Кейбір жазулар түркі тілінде жазылса, кейбір жазулар қазақ тілінде жазылған», – дейді [2]. Сөйтіп ғалым құлпытастың бетіндегі жазуды оқиды:
Ұшбу қобди құтлығ болғай Қырымқұл, Қыдырша-оғылына
Ғұбайдолла Айдаров Талас, Енисей, Орхон өзендерінің бойынан табылған жазуларды лингвотекстологиялық талдау жасай отырып, тұңғыш рет қазақ тіліне аударады. Аударма 1990 жылы «Орхон ескерткіштерінің тексі» еңбегінде жарияланады. Бұл отандық түркологияның басты жаңалығы болады. Ғалым осы жұмыстың аудармасы жайында былай дейді: «Бұл дәуірге дейін орхон ескертіштері қазақ тіліне аударылып, зерттелмей келген еді. Жасалып отырған аударма көркем аударма емес, ғылыми аударма, текстегі сөздер сол мағыналары бойынша тура жасалып отыр» [2]. Ғалымның ғылыми аудармамен беруі мәтінді тілдік тұрғыдан талдау үшін ұсынып отыр деп түсінеміз. Көне жазудың қазақша аудармасы көптеген кейінгі зерттеушілердің ғылыми жұмыстарына арқау болды. Аталмыш еңбектің тағы бір артықшылығы – соңында көне ескеркіштер бойынша сөздік ұсынуы. Ғалымның сөздік түзудегі мақсаты – біріншіден, көне дәуірдегі жазба мұраның лексикалық құрамының картинасын көрсету, екіншіден, сол дәуірдегі сөздердің мағыналық ерекшеліктерін анықтау болса керек.
Орхон-Енисей ескерткіштеріндегі көне лексикалық бірліктер кейінгі қарахандықтар дәуірінде жазылған Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік», Ахмет Иүгінекидің «Ақиқат сыйы» мәтіндерінде көбірек сақталуы заңды. Себебі бұл мәтіндер жазба мәдениетіміздің бастапқы үлгісі болып есептеледі. Уақыт өте әр дәуірдің лексикалық құрамы өзінің табиғи жолымен экстралингвистикалық және интралингвистикалық жолмен толығып, өзгерістерге түсіп отыратыны белгілі. Дегенмен де кейбір көне лексикалық қолданыстардың сол кездегі мағынасы кейінгі дәуірлердегі ескі қазақ жазба мұраларында, XV-XVIII ғғ. қазақ жыраулар тілінде өзіндік ізін қалдырып отырғанын көрсетеді. Мәселен, иабыз – жауыз, иазуқ – жазық, иаруқ – жарық, иегрен – жирен, иүгүн – жүгін, қум – құм, қул – құл, қурған – қорған, қут – құт, орда, черік – шерік, т.б. сөздердің мағыналары жыраулар поэзиясында сол күйінде сақталған. Кейбір сөздер мағыналық өзгерістерге түскен. Мысалы,
Семіз бұқа туруқ бұқа тійін Білмез ерміс тійін Анча сақантым Аудармасы: Ғ. Айдаров Семіз бұқа тұрық, деп Айыра білмес деп, Сонша ойладым. | Алып, алып, ал сақын, Аңдып жүрген дұспандан жүз сақын, Күле кіре, кұңіреніп, Шыққан достан мың сақын Шалкиіз жырау |
Көне түркі мәтіндегі «ойлау мағынасындағы «сaқын» сөзі «сaқтық» мaғынaсындa жұмсaлғaн. Бұндай мағыналық өзгешеліктердің болуы XV-XVIII ғғ. жыраулар тілінде де кездесуі заңды. Академик Р. Сыздық: «...қазақ тілінде «мүлік» мағынасындағы көне түркілік барым сөзі, «шақыру» мағынасындағы оқу, «сөйлеу, сөз» мағынасындағы саб (сөз саптау «сөз сөйлеу»), «кедей» мағынасындағы шығай (Шықбермес бермес Шығайбай) деген сөздер тұрақты тіркестердің құрамында немесе жалқы есімдерді аталуында сақталған, – дейді [4]. Көне түркілік сөздердің басым көпшілігі кейінгі шығармаларда күрделі сөздердің құрамында сақталып қалған.
Көне жазба ескерткіштер мен жыраулар поэзиясы арасында тек лексикалық бірліктермен ғана емес, өзара өлең өлшемдерінде де ортақтық бар екендігін анықтаған ғалым Қ. Өмірәлиевтің еңбектерінде көрініс табады. Оның бір себебі бұл жазба мұралар дидактикалық сарында туындаған шығармалар. Ортақ сарын формульді стильге құрылған. Салыстырып көрейік:
Ырақ ерсер йаблақ ағы берүр, Йағұқ ерсер, едгү ағы берүр. Аудармасы: Ғ. Айдаров Жырақ болса, жаман сыйлық берер, Жақын болса, игі сыйлық берер. | Бір жақсымен дос болсаң, Азбас, тозбас мүлкі етер, Бір жаманмен дос болсаң, Күндердің күні болғанда, Жімле ғаламға күлкі етер. Шалкиіз жырау. |
Сар, үр – баяндауыш формалары жұп болып қайталану арқылы жасалса, ал ырақ (жырақ) мен йағұқ (жақын), йаблақ (жаман) мен едгу (жақсы) өзара антонимдік жұп құраған.
Осылайша Ғұбайдолла Айдаровтың еңбектеріндегі сөзтізбеге алған лексикалық бірліктерді қарахандықтар, Алтын Орда дәуіріндегі жазба мұралармен, ескі қазақ жазба ескерткіштерімен, XV-XVIII ғғ. қазақ жыраулары тілімен семантикалық байланысын салыстыра-cабақтастыра талдауды қажет етеді. Себебі ғалымның көне сөздер бойынша жасаған тілдік талдауларын «Қазақ тілінің тарихи сөздігін» әзірлеуде болсын, «Қазақ тілінің ұлттық қорпусының» базасын толықтыруда болсын сенімді дереккөз ретінде пайдаланамыз. Бұл өз кезегінде әр дәуірдің лексикалық құрамының даму, өзгеру динамикасын, эволюциясын, қолданыс жиілігін тереңірек тануға мүмкіндік береді.
Сонымен Ғұбайдұлла Айдаровтың қаламынан туған ғылыми көкжиегі кең, танымдық салмағы зор әр еңбегіне терең үңілген сайын көне жазудың білгірі, сарапшысы, аудармашысы, полиглот, шебер педагог-ғалым сияқты ерекше тұлғалық қасиеттері ашыла бермек.
Әдебиет
1. Әбілқасымов Б. Ғұбайдолла Айдаров. – Алматы: Арыс, 2002.
2. Мұсабаев Ғ., Махмұтов А., Айдаров Ғ. Қазақстан эпиграфикасы. – Алматы, 1971.
3. Айдаров Ғ. Орхон ескерткіштерінің тексі. – Алматы: Ғылым, 1990.
4. Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1993.
Басып шығару