Түркістанда қазақ тілі оқытушыларының арасында А.Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқау өтті.
ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің бастамасымен өткен байқаудың мақсаты - Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-педагогикалық мұраларымен сабақтастықты жалғастыра отырып, мемлекеттік тілді сапалы оқыту мақсатын жүзеге асырып жүрген үздік оқытушылардың жаңашыл әдіс-тәсілдерімен танысу, озық тәжірибелерін тарату, қазақ тілі оқытушыларының кәсіби беделі мен қоғамдағы мәртебесін арттыру.
Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Айнагүл Көкенова «Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының тіл үйретудегі өшпес мұраларын жалғастыру - парызымыз. Сапалы оқыту дегеніміз, сайып келгенде, ұлы ғалым идеялары мен тіл үйретудегі әдіс-тәсілдерін үйлесімді қолдануға әкеп саяды. Бұл шара өңірлерде мемлекеттік тілді оқытумен айналысып жүрген әдіскер мамандар мен оқытушылардың өзара тәжірибе алмасып, әдістемелік біліктіліктерін шыңдап, озық тәжірибелерді кеңінен таратуды көздейді", - деді.
Байқау нәтижесі бойынша еліміздің 15 өңіріндегі Тілдерді оқыту орталықтарының қатысушылары төмендегідей нәтижеге қол жеткізді:
Бас жүлдені тілді үйретуде инновациялық озық әдіс-тәсілдерді қолдану, сабақты онлайн/офлайн форматта шебер жүргізу, 5 деңгей бойынша тіл үйретудің қыр-сырын меңгерген Қарағанды облысы Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының оқытушысы Динара Жупенова иеленді;
Сонда-ақ бірінші орынға Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Панфилов аудандық филиалының меңгерушісі Асылан Қалибеков;
Екінші орынға Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Әсел Махметова және Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасы Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Балауса Төребай лайық деп танылды.
Үшінші орынды Шығыс Қазақстан халқының тілдері мен мәдениетін түлету мектебінің мұғалімі Тоғжан Айтқазина, Шымкент қалалық Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының оқытушысы Ақбаян Асылбекова және Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Айгүл Бохшиева иеленді.
Мемлекеттік тілді оқыту әдістемесін жетілдіру бағытындағы шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Айта кету керек, қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру бағытындағы шаралар кешені тұрақты жүзеге асырылуда. Мәселен Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен шыққан «Tilqural.kz», «Tilmedia.kz», «Balatili.kz», «Аваі.institute» порталдарынан өзге, Жамбыл облысы тілдерді дамыту басқармасы әзірлеген «Qazonline» мобильді қосымшасы, Павлодар облысының «Ана тілі» орталығы әзірлеген «Ana tili» мобильді қосымшалары қазақ тілін үйренуге талпынып жүрген азаматтардың жоғары сұранысына ие.
Басып шығару