Биыл еліміздегі Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа үміткерлердің саны көп болды. Әдебиет, өнер және мәдениет саласындағы ұлы ойшыл ақынның құрметіне аталған ең басты сыйлыққа ұсынылғандар – Қазақстанға танымал бүгінгі ұлттық һәм отандық мәдениетіміз бен әдебиетімізге олжа салып жүрген ақындар, жазушылар, артисттер, драматургтер, мәдениеттанушылар екен. Оны баспасөзден, интернет құралдарынан аңғарып жүрдік.
Қазіргідей ақпарат дәуірінде мұндай насихаттың салмағы артпаса, кемімейді. Қазір елімізде бұқаралық ақпарат құралдары өте көп. Оның ішінде сайт, портал сияқты электронды ақпарат құралдарының әлгіндей шығармаларды көпшілікке таныстыру мен насихаттаудағы рөлі орасан зор. Осы реттен келгенде, «баппен», «бақпен» қоса алдыңыздағы компьютер мен ноутбуктан, қалтаңыздағы телефоннан дереу көре алатын электронды ақпарат құралдары үміткерлерге және үлкен көмектің күші.
Сыйлыққа ұсынылған көркем шығармаға арналған талаптардың ішінде сол дүниені насихаттау маңызды шарттардың бірі десек, онда мемлекеттік сыйлыққа ие болған авторлардың да насихаты күшті болған сияқты. Мәселен, М. Жолдасбеков, Ғ. Есім, С. Абдрахманов, С. Ақсұңқарұлы, Р. Мұқанова сияқты үміткерлердің сыйлыққа ұсынылған еңбектері туралы «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» сияқты байырғы басылымдардан бастап, оқырманы өте көп «Абай.кз» порталдарына дейін көптеген қолдау мақалалар жарияланды. Қазір электронды БАҚ-та, әлеуметтік желілерде көптеген адамдардың пікірін тудырып жатқан Тынымбай Нұрмағанбетов сияқты көрнекті қаламгердің насихатына келсек, онда қадірлі қаламгер ағамыздың мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған кітабы жөніндегі мақалаларды республикалық ақпарат құралдарынан байқамадық. Білуімізше, бар болғаны 1 ғана мақала жарияланыпты. Оның өзі республикалық басылымда емес, облыстық газетте. Әлбетте, Тынымбай ағамыз қазақтың көркем ойы мен сөзінің дамуына үлес қосқан үлкен қаламгер. 1970-80 жылдардағы оқырман қауым оның еңбектерімен өте жақсы таныс. Кітап оқудың, көркем әдебиеттің культі төмендеген қазіргі заманда насихатыңның күшті болмағы ләзім.
Кейбір пікірлерде Мырзатай Жолдасбековтің, Сауытбек Абдрахмановтың және Роза Мұқанованың сыйлық алғанын қаламайтын, тіпті оларды лайықты санамайтын ойлар кездесіп қалады. Бұл үш тұлға да ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетімізге алды жарты ғасырдан астам, арты 30 жылдан астам үлес қосып келе жатқан лайықты қаламгерлер. М. Жолдасбеков ұлттық мәдениетіміздің тарихи һәм көркем бастауы - көне түркі ескерткіштерін зерттеп, сол арқылы әдебиет тарихын сан ғасырға тереңдеткен көрнекті зерттеушілеріміздің бірі. Осы бағытта қаншама еңбектер жариялады. С. Абдрахманов болса әдебиеттану ғылымының докторы, профессоры. Оны әдебиеттің үлесіне кіріп, сыйлық алды десек, онымыз шындық емес. Бұл кісі сыйлыққа мәдениеттанушы ретінде ие болды. Р. Мұқанова драматургия саласы бойынша лауреат атанды және бұл салада оның еңбектері әбден танылған талантты қаламгер. Драмалық шығармалары қара шаңырақ – Мұқтар Әуезов атындағы академиялық театрдан бастап, республикалық, облыстық театрларда үнемі сахналанып келеді. Мемлекеттік сыйлыққа ие болғандардың ішінде бұл сыйлықты бұрыннан алуға тиіс Алаштың мықты ақыны Серік Ақсұңқарұлы, көрнекті абайтанушы, академик Ғарифолла Есім, шығармаларын орыс тілінде жазатын талантты ақын Бақытжан Қанапияновтардың болуы оның мейлінше әділетті өткендігін байқатса керек.
Мемлекеттік сыйлық беру жөніндегі алқалы комиссия ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетіміздің танымал тұлғаларынан тұрады. Оған жетекшілік еткен қазақ мәдениеті мен өнерінің үлкен білгірі, жанашыры Қырымбек Көшербаевқа да, комиссия мүшелері үшін сыйлыққа ұсынылған туынды авторлардың қай-қайсысы да құрметті. Тіпті, олармен таныс, біліс. Сондықтан, комиссия мүшелеріне сыйлық берудің шартына толық лайықты үміткерлерді іріктеу абырой. Әлбетте, бұл оңай шаруа емес. Десек те, барлық шарттарға жауап беретін еңбекті бағалау басты талап десек, онда мемлекеттік сыйлықты осындай шарттардың баршасын орындаған және лайықты еңбектерін ұсынған азаматтар алды деуге толық негіз бар.
Берік Маманов
Басып шығару