Бір ғасыр бұрын өзі шығарып отырған «Қазақ» газетінде Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы жалпақ қазаққа жар салады: «Қазақ бастауыш мектебі қандай боларға керек? Бұл туралы ашылып пікір айтылған жоқ. Петербургта болатын мұсылман кеңесінде мектеп мәселелері қаралмақшы, оған қазақтан баратын адамдар қазаққа қандай мектеп керек екендігін біліп барарға тиіс. Сондықтан «Қазақ» өз пікірін айтып, жұрт құлағына салмақшы» («
Қазақ» газеті, 1914, №61, 9 май).
Шынында да, «Қазақ бастауыш мектебі қандай боларға керек?». Мына көпке келген індет, пандемия тұсында бастауыш мектебіміздің халі нешік? Алты-жеті жасар балапан ұстаздың алдын көрмесе, партаға отырмаса, қалайша қолына қалам алып дағдыланбақ? Бір сыныпта он бала ғана отырып оқысын деген үкімет бұйрығын орындауға сол үкіметтің қауқары жетер ме? Оны орындау үшін топырлап бестен-оннан ашылып жатқан бастауыш сыныптардың мұғалім саны да (яғни, төленер айлық) төрт есе, оқу орны да (яғни, ғимарат) төрт есе ұлғаймақшы. Екі ауысыммен оқуды әупірім деп игеріп отырған білім беру мекемелері бір сәтте төтеннен келген төрт есе ауыртпашылықты көтере алар ма?..
2. БАСТАУЫШ МЕКТЕПБұрынғы қазақ мектебі,
дала төсіндегі
оқу-ағарту жай-күйі дегенде ойымызға тиянақты ештеңе келе қоймайды. Әрі кетсе, «революцияға дейін қазақтың екі-ақ пайызы сауатты болған» деген жаттанды цифр-цитата, болмаса бала оқытқанда қолынан таяғы түспейтін надандау молда бейнесі көз алдымызға келеді.
Көшпелі қазақ қоғамындағы мектебі жайындағы орыс мұрағаттарындағы алғашқы деректер ХІХ ғасырдың екінші жартысына сілтейді. Яғни 1850-ші жылдардан бергі қырдағы оқу туралы там-тұмдап біле бастаймыз. Жалпы қазақта өткен ғасырларда тәртіпті бастауыш мектеп екі түрлі болған: бірі – «мактап» (яғни, мектеп), екіншісі – «үшкөш» (яғни, школа). Өйткені, Ахаң жазады: «Осы кезде қазақ балалары оқуды екі түрлі бастап жүр. Біреулері оқуды ауылдағы мектептен бастайды, екіншілері ел ішіндегі орыс школасынан бастайды. Солай болған соң, қазақтың қазіргі бастауыш мектептері осылар дейміз».
Тәжірибелі мұғалім, педучилищені басқарып отырған ұстаздардың ұстазы Ахаң ғасыр басында-ақ қазаққа керек бастауыш мектептің жөн-жобасын ойластырып, құрылымын айқындап берген. Оның ойынша ұнамды бастауыш мектеп мынау:
- Бастауыш мектептер оқуы қазақ үшін 5 жыл боларға керек.
- Әуелгі үш жылда балалар кілең қазақша оқуы керек.
- Соңғы екі жылда кілең орысша оқу керек [Бұл арада Ресей қол астындағы қазақ қамы жатқанын ескеру керек. – Ә.Ғ.]
Қазақ бастауыш мектебі екі түрлі болады:
- Қала болған жерлерде [отырықшы қазақтар. – Ә.Ғ.], қыстауы жиын жерлерде келіп оқитын мектептер.
- Сирек-сирек отырған жерлерде жатып оқитын мектептер [интернат үлгісіндегі болса керек. – Ә.Ғ.].
Сондай-ақ, болашақ бастауыш қазақ мектебі
қыр мектебі және
қала мектебі болып ажыратылады. Қыр мектебінің өзі
ауыл мектебі және
болыс мектебі деп бөлінеді.
- Ауыл мектебі кілең қазақ тілінде оқылатын үш жылдық.
- Болыс мектебінде кілең орысша оқылатын екі жыл.
- Болыс мектебіне ауыл мектептерін бітіргендер алынады.
- Қала мектебі қаланың үлкендігіне қарай үш жылдық және бес жылдық оқулы болады.
Одан әрі ағартушы «бастауыш мектепте кілең қазақ тілінде үйретілетін нәрселер» деп мыналарды атайды:
- оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, жағрафия, шаруа-кәсіп және жаратылыс жайы.
Бұл пәндер, сірә, сол заманның ең басты үйретілер білім бастаулары болса керек. Көріп отырғанымыздай, Ахаң бастауыш мектептің өзінде (бүгінгеше ұғынсақ) ұлт тарихы, шаруа-кәсіпті оқытуды ұсынады. Сонымен бірге ол бастауыш мектептің кілең орысша оқитын екі жылындағы білім аясы гимназияның не реальный [кәсіби – Ә.Ғ.] мектептердің төменгі кластарына түсіп, жалғастыруға жарамды болуы керек дейді. Оған, әрине, бастауыш мектепте оқылатын шаруа-кәсіп пен жаратылыс жайы [табиғат тану – Ә.Ғ.] көмек болары сөзсіз.
Осындай жөн-жоба түзген Ахаң «бастауыш мектептер осындай болса, бұлардан әрі мұсылманша я орысша оқыту үшін қазақ балаларының бастауыш мектепте үйренген білімі негіз болуға жарайды» деп түйіндейді.
Алты жыл ауыл мектебінде міндетті мұғалімдік борышын атқарған А.Байтұрсынұлының, әрине, оларға көңілі тола қоймайды: «Осы күнгі ауыл мектептерін мектеп деп айтарлық емес. Оқуға керек құрал жоқ, оқыта білетін мұғалімдер аз». Әйтседе сол аздың өзіне зар болып қалармын дегендей, ағартушы іле-шала әлі аяғынан тұра алмай жатқан ауыл мектебін әділ бағалап, «ақтап» та алады: «Сонда да қазақша хат білушілердің проценті мұжықтардан жоғары. Осы күнгі хат жаза білетін қазақтардан бастап, газета, журнал, кітап шығарып жатқандарымыздың бәрі сондай мектептен оқып, хат танып, жазу үйреніп шыққандар». Бұдан керек-жарағы толықпаған, жүйелі қалыпқа түспеген бұл бастауыш мектептердің Алаш баласы үшін аса қымбат қазына, артқы дүниеге артықша із қалдырар мирас екенін көреміз. Өйткені, ол – қазақша оқытатын, қазақша тәрбие-тәлім беретін
қазақ мектебі болатын. Дана Ахаң да оны мақтаныш етеді: «Бұл мектептің халыққа жақындығы – балалар білімді
ана тілімен үйренгендігі».
Осынау 1914 жылғы тасқа басылған жолдарды оқығанда көкірегіңді шер қауып, көзіңе өксікті жас келеді. Отыз жылда есі кірмеген ағайындардың, балалары нағыз орыс мектебінде, болмаса бір замандарда «русско-киргизкая туземная школа» атанған, бүгінгі тонын айналдырған аралас мектепте оқып жатқан қандастардың алғы күндерді ойламайтындығына, бүгіннен-ақ ұлттың болашағына балта шауып жатқанына күйінесіз. Бір кезде «санымыз аз» дедік, «қазақ мектебінің сапасы нашар» дедік, ал ендігімізге жол болсын!.. Орыс мектебіне тісіміз батқағанның өзінде, дүбәра аралас мектептен арылуымызға кім кедергі?.. Қанға сіңген қаныпезер сылтау – Мәскеу ме?!. Жоқ, ағайын, жақсылық көрсем де өзімнен, жамандық көрсем де өзімнен...
Қазақша оқу жер бауырлап мешел күйінде жатқан зар заманында орыс тілін төбеге шығарып, орыс оқуына табынған Абай хәкімнің өзі интернатта оқып жатқан талай қазақ баласының «Ойында жоқ олардың/Шариғатқа шаласы» екенін ескерткенін неге естен шығардық? Өз тілінен жерінгендер я тілмаш, я адвокат болуын болар, бірақ туған халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын «Ойында жоқ олардың/Салтыков пен Толстой» бола алмайтынын неге парықтамаймыз?!.
Ойды ой қозғайды. Менің аталарымның бірі Бекмұхамбет қалпе де (1845 – 1920) ұлы Абаймен түйдей құрдас, ол да ағартушы болатын. Бөкейліктегі Хан Ордасында ауыл мектебінде оқыған. Сұпылыққа ден қойған. Кезіндегі башқұрттардың бас қаласы Стерлитамаққа барып, пірдің қолын алып, Камеледден хазіреттің медресесін бітірген. Қажылық борышын атқарған. Мүмкіндігінше шариғат оқуын жалғастырып, хазірет атанған. Бөкей Ордасы мен Астрахан губерниясының түйіскен жеріндегі Азғыр өңірінде 1870-1918 жылдары мектеп-медресе ашып, мешіт ұстап (олардың орны сақталған), ағартушылықпен айналысқан. Күні бүгінге дейін атамның Сүйіндік ауылындағы бейіт-мазарына ел зиярат етеді. Халық атын атамай, «қалпе» деп әулие тұтады. Сонда деймін де, өлкемізде өткен қаншама төре-сұлтанның, бай-бағланның аты-жөні есте қалмай, атамды көпке үлгі, жұртқа әулие тұтқызған қандай құдірет? Сөйтсем, ол ұрпағын, қалың қауымын ана тілінде оқытқаны, тілін сындырып, дінін құрметтеуге үйреткен ғибраты екен! Күнбатыс Алашордасының қаншама сардарлары мен сарбаздары менің атамның алдын көрді, пір тұтып қолын алды. Ойшыл ақын, діни қайраткер Ғұмар Қараш, тұңғыш елбасымыз Сейітқали Меңдешов, тұңғыш комиссар әрі ақын Бейсен Жәнекешов... «Оқы, оқы және оқы» деген өсиеті, әр жүрекке имандылық дәнін еккен сауапты ісі ешқашан ұмытылмайды екен...
Ахаң қазақ арасындағы бастауыш мектептің мақсат-мүддесін де нақты айқындап береді: «Бастауыш мектептен оқығандар писар, учител, фелшер, адвокат, судия, инженер, агроном болам демей, ең әуелі, қазақша толық хат білетін дәрежеде болуын көздеу керек. Екінші, бастауыш мектептен үйренген білім әрі оқимын дегендерге негіз боларлық жағын көздеу керек. Егерде бастауыш мектептен оқып шыққандар ілгері оқымай, үйінде қалса, ұлт әдебиеті мен мәтбуғатының [баспасөз – Ә.Ғ.] мүлкін пайдаланарлық дәрежелі біліммен қалсын. Әрі оқимын деген халде: мұсылманша оқыса, бастауыш мектеп оқуы артқы оқудың негізі болуға жарасын; орысша оқыса, орысша үйренудің қиындығын жеңілтерлік демеу һәм негіз болуға жарасын».
Міне, Ахаңның асыл ойы, осы ұлттық мақсат-мүдде жолы бүгінгі қазақ қоғамына, жаңа Қазақстан болмысына Темірқазық етіп алар бағыт-бағдарды нұсқап тұр.Бүгінгі таңда біздің қолымыздан келері бір-ақ шаруа, жалғыз рәуішті іс- әрекет – еліміздегі барлық бала, күллі шәкірт, ата-анасы қай ұлттың өкілі екеніне қарамастан, бастауыш білімді бір-ақ тілде –
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінде алуы және ол тегін болуы шарт. Ол үшін барлық мектепке дайындау орындары мен балабақшалар да бір-ақ тілде –
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінде болуы міндетті. Өзге ұлт өкілдері мен олардың балалары қосымша оқу орындарында, тілдік үйірмелер мен жексенбілік мектептерде өз тілдерінде ақылы білім алуына кез келген Қазақстан азаматы ретінде құқылы.
Әрине, мұндай төңкерісті ұлттық матсат-мүддеге қол жеткізуіміз үшін Білім заңын қайта қарап, міндетті түрде «Мемлекеттік тіл туралы заң» қабылдауымызға тура келеді. Темірді қызған кезінде соқ деген, отыз жылға созылған рухани мимырт жолымызды жүріп өтуді тездететін, шын мәнінде қоғамымызда «Рухани жаңғыру» болып табылатын жаңа белесті кез келгеніне күмән жоқ.
Жазбамыздың басында сөзімізді Ахаңның «Ресей хүкіметі қол астындағы жұртының жазу-сызуы мен тілі бірдей болуын қалайды» деген пікірінен бастап едік, шынында ол әр мемлекеттің мүдде, заман талабы ғой деп, оған өкпелеуге болмайтынын айтқанбыз. Расында да, айналаға көз тігіп, мына дүбірлі дүниені бажайлап қарасаңыз да осы бір шындыққа көз жеткізесіз. Басқасын айтпағанда, туыс Өзбекстан мен көрші Қытайдағы жүздеген қазақ мектебі неге жабылды? Оның астарынан саясат іздеу, біреуге өкпелеу өнімсіз тірлік. Біріншіден, ол әр мемлекеттің өзінің ішкі ісі, өзіндік проблемасы; екіншіден, бұл әлемдік үрдіс, жаһанданған заманның өзекті проблемасы екенін де ұққанымыз абзал.
(
Жалғасы бар)
профессор Ғарифолла ӘНЕС
Басып шығару