Нарықтық-экономикалық дәуірде бірқатар салалардың маңызы аспандап кетті: халықаралық қатынастар, әлеуметтану, экономика және халықаралық журналистика. Тәуелсіз Қазақстанда білікті дипломат, білікті экономист, білікті әлеуметтанушылар баршылық болғанымен, халықаралық дәрежеде, оның ішінде қазақ тілінде сапалы қызмет жасайтын журналист тапшы.
Технология дамыды, ақпаратқа мемлекеттік шекара бұйым болмай қалды. Ендігі уақытта осы ақпарат легінде зиянкес материалдардың, астарында зымиян пиғыл жататын информацияның таралмауын, шекарадан тысқары жерде мемлекет абыройына кір келтіретін дүниелердің немесе жаңсақ мәліметтердің болмауын қадағалау осы саланың маманының ғана қолынан келеді.
Қазақстанда журналистерді даярлайтын факультеттер, кафедралар, институттар көп болғанымен, «Халықаралық журналистика» мамандығын даярлайтын орталық жалғыз. Ол – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика факультетіндегі Халықаралық журналистика кафедрасы. Бұл мамандықтың ашылғанына көп уақыт болған жоқ, дегенмен түлектер арасында қызығушылық басым.
Ақпарат өкілі болуды мақсат тұтқан түлектер төрт жыл ішінде тек жалпы журналистиканы немесе қоғаммен байланыс мамандығын емес, ауқымы кең халықаралық журналистика мамандығын алуға бейіл.
Халықаралық журналистиканың және осы саланың нағыз маманының қажеттілігі көзге көрініп-ақ тұр. Қазір қазақ тілінде сөйлейтін ақпарат құралдары жоқтың қасы. «Азаттық» радиосын мысалға алу орынсыз, өйткені, бұл ақпарат құралының саяси позициясы айқын. Екіншіден, «халықаралық» деген дәрежесі бар бірқатар газет-журналдар, электронды басылымдар бар. Бұл типтегі ақпарат құралдарын да қолданатындар аз. Аудиториясының тарлығына саяси-қоғамдық мәселелерге, халықаралық жағдайларға әсер ететін қауқары жоқтығын қосып қойыңыз.
Қош! Бізге халықаралық дәрежеде жұмыс істейтін және бірнеше тілде қатар ақпарат тарататын ақпарат құралы ауадай қажет. Бұл қажеттіліктің орынын толтыратын маман – халықаралық журналист. Бірнеше тілде деп дөңгелесек те, негізгі қажеттілік үш тілге түсетіні белгілі. Демек, халықаралық журналистерді дайындайтын орындарда түлектерді ынтасы мен қабілетіне қарай үш тілде қатар оқытқан абзал.
Сөзімізге дәйек болсын, шетелдік басылымдар Қазақстандағы айтулы оқиғалар туралы ақпарат дайындаған кезде неліктен ресейлік басылымдарға сілтеме береді? Өйткені, қазақстандық ақпарат құралдары олардың көзіне де ілікпейді. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның халықаралық дәрежесіне белгілі бір деңгейде кері әсер ететін фактор, шешімі кезек күттірмейтін мәселе.
Халықаралық журналитиканың ерекшеліктері
Атауы, бағыты, стилі журналистика мамандығымен ұштасып жатса-дағы халықаралық журналистикада маман дайындау тәсілдері өзгеше. Жалпы журналистиканы меңгеретін студенттер ақпарат тарату ісінің қыр-сырын, қоғамдық пікірді зерттеу тәсілдерін, ең аяғы сюжет түсіру мен мақала жазуды үйренеді. Бұл дүниелер халықаралық журналистің де бойынан табылуы тиіс. Дегенмен, халықаралық журналистика маманы болуды көздейтін студенттер журналистиканың негізгі құндылықтарын игеріп қана қоймай, қосымша тарих, халықаралық қатынастар, дипломатия, саясат, әлемдік саясат, аймақтық саясат сынды бағыттардан терең білім алуы тиіс.
Қазақстандағы журналистика бүгінгі күні редакциялық бағытты ұстанады. Ал әлем елдерінде ірі оқиғалар қарсаңында шетелден журналистердің келуі немес журналистердің халықаралық дәрежедегі шараларға баруы – қалыпты жағдай.
Халықаралық журналист, ең алдымен, саясатты терең түсіне білуі шарт. Тек Қазақстан Республикасының саяси аренасын, экономикасын немесе Қазақстанмен одақстас елдердің жайынан хабардар болу жеткіліксіз. Осы саладағы табанды журналист болу үшін әлемдік саясатты, халықаралық оқиғаларды әрдайым назарда ұстап, материал дайындау барысында ешқандай саяси қателіктерге жол бермеуге дағдылануы тиіс. Қазір бұл талап қазақстандық журналистерді аса алаңдатпайды. Өйткені, халықаралық ақпарат институты болмағандықтан, шетелдік ұйымдар қазақстандық БАҚ-қа мониторинг жүргізбейді.
Халықаралық журналистерді көптеп даярлау тағы бір мәселенің шешімі бола алады. Бұл мәселе – қазақстандық БАҚ-тың ресейлік ақпарат құралдарына тәуелділігі. Әсіресе, әлемдегі жағдай туралы жаңалықтарды тарататын қазақстандық электронды ақпарат құралдары халықаралық жағдайға Ресейдің көзімен қарайды. Оған себеп – Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдарының қазақстандық БАҚ үшін дереккөз болуы. Ақпарат – қауіпті құрал. Демек, біз көп жағдайда халықаралық мәселелерге келгенде Ресейдің саяси көзқарасының қолшоқпары болып кетуіміз ықтимал.
Осындай қордаланған мәселелерді ескере отырып, «Халықаралық журналистика» мамандығының үлес-салмағын, қадір-қасиетін арттыруымыз керек. Халықаралық журналистика мамандығын игерген кадрлар міндетті түрде жаһандық деңгейде жұмыс істеуге ұмтылады. Осы талпыныстың әсерінде Қазақстанның ақпарат тарату ісінің ауқымы кеңейіп, халықаралық дәрежедегі олқылықтарының орыны толмақ.
Бүгінде халықаралық журналистика рөлін мемлекет басшысы, министрлер атқарып жүр. Олар шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беру арқылы Қазақстанның саяси позициясын, қазіргі ахуалын, даму шеңберіндегі жаңалықтарын жеткізеді. Әлбетте, ұл туралы бірқатар шетелдік ақпарат құралдары жазады, көрсетеді. Дегенмен, қазіргі уақытта ақпараттың шынайылығы деген мәселе бар. Елдің ішкі жағдайын, негізгі жұмыстарды күнделікті бақылап отырмаған журналист тұщымды дүние жасай алады дегенге сену де қиын.
Біз АҚШ, Ресей, Еуропа елдеріндегі кез келген жағдайдан құлағдармыз. Өйткені, Ресейдің «Russia Today», АҚШ-тың «Голос Америки», Араб елдерінің «Аль-Джазира», бүкіл әлемге танымал «ВВС» сияқты ірі медиа-корпорациялардың орыс тілінде тарататын хабарларын тұтынамыз. Біздің елде де ірі ақпарат құралдарының филиалдары бар. Дегенмен, олар Қазақстанды шетелге емес, шетел жаңалықтарын Қазақстанға тасымалдау функциясын ғана атқарып отырғаны жасырын емес.
Тәуелсіз Қазақстанның жаһандық даму динамикасын, елдің әлеуетін, тарихты насихаттау, ең кем дегенде, еліміз туралы кереғар ақпараттардың таралуының алдын алуы қай жағынан қарасақ та, өте маңызды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Журналистика факультетіндегі «Халықаралық журналистика» мамандығы дер шағында ашылып, мамандар даярлауда. Бұл саланы, арнайы мамандар даярлау ісін алға жылжыту керек. Міне, қазір ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінің оқытушылары халықаралық журналистерді даярлау үстінде. Мамандық ауқымын кеңейтіп, жыл сайын қабылданатын түлектер санын арттыруды көздеп отыр. Бұл – жақсылықтың, үздіксіз дамудың айғағы.
Абай Сәдуақасов
ҚазҰУ, Журналистика факультетінің оқытушысы
Басып шығару