Ділдәхан ДӘЛЕЛҰЛЫ деген құрдас, сырлас жігіт жаңа жылмен құттықтап, жағымды жаңалығымен бөліскен. Досымызды министр марапаттапты.
Ондай марапат Орда жағалап жүргендерге таңсық емес екені рас. Бірақ біз үшін бағасы биік белгі. “Біз” деп отырғаным алыста туған, азаттық таңымен бірге Атажұртқа оралған ағайын. Биліктің маң-шаңын көрмейтін, мансап, мемқызмет атаулы түсіне кірмейтін, марапат дегенді түстеп танымайтын қауым. Жылдың мерекелік кезеңдерінде маусым сайын жүздеп, мыңдап тарататын орден, медалдар ойына кірмейтін жұрт. Ол — біз.
Ол да жақсы. Қадір Мырза-Әлінің “Төлегенге” деген өлеңінде “Бақытсызбыз біз олжа бөлісе алмай, Бақыттысың ешкіммен таласпадың” дейтіні бар. Төлеген қайтқан соң жазған ғой. Мен “Біз” деген қауым бұнда жүріп-ақ “алмадық” демейді. “Таласпайды” да.
Қазақ Елінің шығысымен шегараласып жатқан Алтай, Тарбағатайдың күнгейі мен Іле және Еренқабарға аймақтарында екі милиондай қазақ жатыр. Осыдан 30 жыл бұрын Азаттықтың таңымен бірге Атажұртқа ауа бастағанбыз. Ең алғаш келгендер бір жиналғанымызда екі үстелдей ғана кісі едік. Ендігі күндері жарты миллионға жақындаған шығармыз.
Осы жұрт келіп, жайлауға ел қондырып, базарға мал түсірді. Осы келгендер көкөніс өндірісінің көркін келтірді. Өздері жағаласып өмір сүрген өнім өндіргіш елдің өнерін үйреніп, үлкенді - кішілі станоктарын сүйрей келді. Осында шағын сехтардан ірі зауаттарға дейін самсатып салды. Өнім өңдеу мен сауданың сан саласына сыналай кіріп, сыналып, шыңалып шықты. Ұлттық ауқымдағы, тіпті, тыранс ұлттық деңгейдегі ірі зауаттар тұрғызды. Иен шөлдерге зауат ғимараттарын салып, байлықты өнген жерінде өңдеді.
Ал олардың марапат туралы, оның пайдасы, алу амалдары туралы ойлауға, оны беретін, тағайндайтын кісілермен танысуға ықыласы да, мұршасы да болған жоқ. Бір Мем. сыйлықты жеті жаққа тартып жеті бөліп әкеткен бүгінгі ақын-жазушы, өнерпаз ағаларынан анағұрлым “бақытты” жұрт осылар.
Біз де кәсіп қылдық. Қаламымызды да тастамай қатар алып жүрдік. Ондағымыз өлеңге құмарлықтан бөлек, бір жағынан осындай азаматтар туралы айтып, жазып, жұртқа жая жүрейік дегенбіз. Қазақстанымызға оралған ағайын туралы қоғамда оңды пікір қалыптастыруды өздігімізден мойнымызға тегін алғанбыз.
Менің көңілденіп қалатынымды біліп, қуанышын бөліскен қазақ — Ділдәхан Дәлелұлы — Өр Алтайдың Ақтұмсығында туып, асқар тауға өрлеп өскен; ат жалын тартып міне аймаққа тіке бағынатын туған ауылын ісімен, сөзімен ұйытқан жігіт. Ертегідегі Ертөстік сыяқты ерте марқайған адам.
Мыңдаған жылғы отырған-тұрғанын қағазға қаттап, қайырыла парақтап қарайтын қытай жұртымен қадамдас, жұмыстас болып, қабағын аңдап, қадамын барлап өскен жас Ділдахан ондағы мем қызметте де мерейі тасыған ұлтына тән ұйымдастырғыш жігіт болған.
Мал шаруашылығы саласына қанық маман кадрді Анау жақтағы басшылар Алтайдан Үрімжіге алдырған.
Ол орынға да жетіп, жұрт көзіне түсіп, дізгін - шылбыры түгенделе бастаған шақта Алыстағы Отанына азаттық келген болатын. Ендігі бақыт еркін Елінде екенін түйген есті жігіт барынша жинаған жетістік пен жеткен креслоға қолын бір сілтеп кете барған. Сөйтіп, келіншегін жетелеген Дәкең екі ұлды екі қолтығына қысып, кенже ұлды аузына тістеп Алматыңыздан бірақ шыққан.
Ары қарай азат рух, арпалысқан тірлікпен аз жылда азаматтық биігін тапты. Электір жабдықтары мен қосалқы бөлшектерін саудалауға көңілі ауған Дәкең бергі беттегі сұраныс пен арғы беттегі өндірістің және сан мен сапаның ауқымын тез байқаған. Еліміздегі гидро қуат өндіру орталықтарын салу мен жабдықтауға, патстанциялар құрылысы мен оның талаптарына керекті саланы жүйелеп танитын кісіге айналған. Онымен қоса энергия саласына қажетті құрлымдауда сапа және құны-бағасы жағынан бәсекелік қуаты мығым компания жасақтап үлгерген.
Бұл күнде Ділдахан отандық қуаттың — Қаз Энерго саласының салмақты құрылысшыларының тобына қосылды.
Анамыз бізді “Қуатым!” деп құшырлана қушушы еді ғой. Ал Ділдахан тура мағанасында Отан анасына қуат берген, жарық берген, Отан анасының құшырлана құшар құлынына айналған жігіт.
Тақырыпты “Біз не бітірдік?” деп алдым ба? Ия, біз Тәуелсіз елімізде талай жұмыс бітірдік.
P.S.
Бүгін Ділдәхан Дәлел ұлына тапсырылған “Қазақстанның Құрметті Энергетигі” төс белгісі адал белгі. Айласыз, кірсіз, талассыз, таза марапат. Бізге — біздің еңбегімімізге берілген баға. Біз деген бағанағы “БІЗ”. Шын мәнінде мұндай бағаға лайық азаматтар арамызда жүздеп, мыңдап саналады. Ділдәхан соның алдыңғы легінде жүрген азаматтардың бірі.
Әңгіме постпен ғана тоқтайтын түрі жоқ. Ұстазым — Жұмекен Нәжмеден меңзегендей бастаған дүниенің қалай аяқтуын қаламның қарымы, шабытыңның шалымы белгілейтін шақ туып тұр. Оның үстіне азат Еліне оралып, оның еңсесін көтеруге ерік-жігерін арнаған, елін сүйінткен талантты, табысты азаматтардың бір легі еске келіп, қалам ұшында кептеліс туғыза бастады.
Сонымен Ділдахан досымыздың шаттығын бөлісіп, марапатын бірге меншіктеніп отырған көтеріңкі көңіл. Биылғы жылдың бірінші күні бірінші постын асықпай оқыңыз.
(Жалғасы бар)
Айтпақшы, досқа арнап былтыр жазған өлең де бар. Жүректен шыққан жыр.
ДІЛДАХАН ДӘЛЕЛҰЛЫНА
Ақтұмсықта Алтайда аштың дүние есігін.
Шексіз сүйдің Алтайды — күллі түркі бесігін.
Мың қазаққа бек таныс оңды-солды есімің.
Жері қия Алтайдың қия бассаң несі мін.
Ұлы болсаң Алтайдың жаның еді қазақтық.
Жаннан қымбат көретін арың еді азаттық.
Алтай деген биіктік, Алтай деген өр рух.
Төбесінен қарайтын төбешікті мазақ қып.
Сенде де бар өр көңіл, сенде де бар өр мінез.
Өр мінездің өзін де іздейтұғын келді кез.
Жүз мыңдаған қазақтың бозтайлағы өзіңсің.
Көре алмаса даңқыңды кері айналсын шелді көз.
“Бозтайлақ” деп бос айтпан, ұраның бар Байтайлақ.
Ұран салсаң бір тайпа ел сапқа тұрар ат сайлап.
Атқа мінген үш ұлдың айдарынан жел ессе,
Құдаң келер үш жүзден белдеуіңе ат байлап.
Жүзін көрдік Сәуленің, шайын іштік Сәуленің.
Сәлеменен өткен шақ — шалқыған жас дәуренің.
Жат ниетке мұз болып, дос дегенде таситын,
Беу Ділдахан сен өзі өзен бе едің, тау ма едің.
Бір бүгіліп, ес жиып, шаққа жеттің бал шырын.
Махаббаттың мәуелі жемістерін аршыдың.
Ұрпағыңды ұйытып, ақ ордаңды жылытып,
Шығып еді алдыңнан ай мен күндей Мәншүгің.
Жайылғанда көл де сен, шамырқансаң шөл де сен.
Қуат туар қолыңды Шарын жаққа сермесең.
Өз қолыңмен от бердің Алматыда әр үйге
Жанып тұрған жүректей жарық бердің елге сен.
Қазақтығың бақытың, Азаттығың еңбегің,
Атанына 60 тың абыржыма, сен де мін.
Ұлдарың мен қызыңнан бықынаған ұрпағың
Өз төріндей қорғасын отаныңның жер-көгін.
Дереккөз: Фейсбук Алмас Ахметбекұлы, ақын