Өзін «шешен ұлтының өкілімін» деп таныстырған ақсақал күллі қазақстандықтарға видеоүндеу жолдап, ақжарма тілегін білдірді.
«Мен, Зумбариев Зелимхан, шешен ұлтының өкілімін. Бірнеше ұлт өкілдерін соғыс кезінде осында, Қазақстанға, әкеліп түсірген. Олардың барлығы осы қазақ халқының көмегімен тірі қалған. Мен бүгін «Алғыс айту» күнінде қазақтарға шын жүректен рахмет айтамын. Қазақ еліміз аман болсын! Еліміз тыныш, аспанымыз ашық, бірлігіміз мығым болсын! Қазақ елі көркейе берсін», - деді ол.
Ақсақал өз сөзін тұлымы желбіреген қос немересіне жалғатты.
«Бірлігі мен ынтымағы халықтың,
Көгімізде жарқыраған жарық күн.
Ырыс, дәулет, бақыты үшін халықтың
Жайнай берсін мың алғыспен жарық күн!» - деп өлеңдетті шешен қызы.
Бұл видео әлеуметтік желілерде кең талқыланып, қазақ жұртшылығы шешендердің шаңырақ сыйлаған ұлт екенін айтып, ырзашылық білдіруде.