Полиция департаменті «Тобыл» және «Ақтөбе» жанкүйерлерінің қақтығысы көрсетілген әлеуметтік желілерде тараған видеоға түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Полицияның хабарлауынша, матч басталардан жарты сағат бұрын «Плаза» сауда үйінің жанында «Ақтөбе» жанкүйерлері пиротехникалық құралдарды қолдана отырып, қоғамдық тәртіпті бұзуға әрекет жасаған.
«Полиция қызметкерлері бұл әрекетті дер кезінде тоқтатты, ең белсенді жанкүйерлерге спорт және ойын-сауық іс-шараларын өткізу мен ұйымдастыру тәртібі туралы заңнаманы түсіндірдк. Сондай-ақ матч өткізілген «Тобыл Аренаға» кіреберісте тыйым салынған заттарды анықтау және алып қою мақсатында көрермендер тексерілді. Әрі қарай қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері болған жоқ», - деп түсіндірді ведомстводан.
Полиция әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылмағанын атап өтті.
Өйткені бұл үшін әкімшілік құқық бұзу құрамының барлық қажетті субъективті және объективті белгілері болуы тиіс.
Бұған дейін желіде Қостанайда өткен футбол матчында екі команданың жанкүйерлерінің қақтығысып қалғаны түсіп қалған видео тараған болатын.
«Тобыл» мен «Ақтөбе» арасындағы матч қостанайлық команданың жеңісімен 1:0 есебімен аяқталды.