Қайғылы хабар туралы ақын Серікзат Дүйсенғазы Facebook парақшасында жазды.
Серік Смайылұлы Қирабаев 1927 жылы 23 наурызда Қарағанды облысы, Жаңарқа ауданы, Атасу ауылында туған. 1951 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітіргеннен кейін аспирантурада оқи жүріп, Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы, «Әдебиет және искусство» журналының бөлім меңгерушісі болып істеген.
1952–1955 жылдары «Пионер» журналында редактор, 1955–1958 жылдары. «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде меңгеруші, редакциялық алқа мүшесі болды. 1958 жылдан Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында 30 жыл бойы доцент, профессор, филология факультетінің деканы, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, институт ректорының оқу ісін басқаратын орынбасары қызметтерін атқарды. 1988–1995 жылдары Қазақ КСР ҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, кейіннен бөлім меңгерушісі болып істеді. Филология ғылымының докторы (1964), профессор (1966), КСРО Педагогика ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі (1968), ҚР ҰҒА-ның академигі (1994), Қазақстан және Қырғызстан республикалары ғылымының еңбек сіңірген қайраткері (1977, 1995), Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері (1996).
Қазақ әдебиетінің өзекті мәселеріне арналған сын мақалалары мен рецензиялары 1948 жылдан бастап жарық көре бастады. Содан бергі уақытта 800-ден астам әдеби-сын ғылыми мақалалары мен еңбектері жарық көрді. С.Көбеевтің жазушылық жолы жайында кандидаттық диссертация қорғады (1957), «Сәкен Сейфуллин» монографиясы негізінде докторлық диссертация (1964) қорғады. «Жүсіпбек Аймауытов» атты кітабы ҚР ҰҒА-ның Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығына ие болды (1994).
1952 жылдан бері қазақ әдебиетінен орта мектепке арналған (ІX-X сыныптар) оқулықтар жазып келген.
Ол КСРО Жоғарғы Аттестациялық Комиссияның сараптамалық кеңесінің мүшесі, Қазақстан ЖАК-тың төралқа мүшесі, Қазақ энциклопедиясының редалқасының мүшесі және әдебиет жөніндегі кеңестің төрағасы болған. КСРО Жазушылар одағы басқармасы тексеру комиссиясының, КСРО Жазушылар одағы жанындағы Сын кеңесінің мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, одақтың хатшысы, төралқа мүшесі, сын кеңесі төрағасы болып бірнеше жыл істеген. Көп жылдар бойы Қазақстан Білім министрлігі жанындағы оқу-әдістемелік кеңесінің әдебиет секциясының төрағасы ретінде орта және жоғары мектепке арналған оқулықтар мен бағдарламаларды жаңғырту, жетілдіру ісіне басшылық жасады. «Қазақ әдебиеті және мектеп», «Қазақ әдебиеті оқулығына методикалық нұсқау» (Қ.Мырзағалиевпен бірге), т.б. көптеген оқулықтары жарық көрді.
Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы ордендерімен, көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2005), «Отан» орденінің иегері (2007).
Басып шығару