Алматы облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерғали Сыдыманов әлеуметтік желілерде резонанс тудырған видеоға түсініктеме берді.
Ерғали Сыдымановтың айтуынша, 12 тамызда сауда үйінің сатушылары Алматы облысының тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау және қауіпсіздік департаменті ғимаратының қақпасына келген. Оның айтуынша, олар жұмыс істеуге рұқсат алу үшін жүгінген, өйткені азық-түліктен басқа дүкендердің қызметі 3 тамыздан бастап тоқтатылғаны белгілі.
«Мұны білгеннен кейін мен дереу көшеге шықтым. Аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды түсіндіре бастадым, кәсіпкерлерге олардың жұмысын уақытша тоқтата тұру себептерін түсіндірдім. Әңгіме авто бөлшектер сататын дүкендерді ашу туралы болды. Олар 2 тамыздағы № 23 бұйрықпен жабылған болатын. Біз барлық нарықты аша алмаймыз, біздің басты мақсатымыз - вирустың таралуын болдырмау», - деп түсіндірді Сыдыманов.
«Бейнежазба түсініксіз себептермен өңделген, ал әңгіменің негізгі мақсаты "жоғалған". Мүмкін кейбір сөздер өткір естілді, бірақ соған қарамастан мен кәсіпкерлерге жұмысты уақытша тоқтата тұрудың себептерін жеткізуге тырыстым. Кәсіпкерлермен барлық дұрыс әңгімелер кадр сыртында қалды. Нәтижесінде барлығы карантиннің жеңілдеуін күтуге шешім қабылдады», - деді ол.
Сыдыманов Денсаулық сақтау министрлігіне түсіндірме хат жолдағанын қосты.
«Мен олар қажет деп санайтын жазаны қабылдауға дайынмын», - деді ол.
Ерғали Сыдыманов алдағы уақытта да осындай кездесулерге баруға, адамдарды тыңдап, халықтың мәселелерін шешуге дайын екенін айтты.
Басып шығару