Кеше Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің шақыруымен коронавирустық инфекцияны емдеуде медициналық көмек және кеңестер беру үшін Өскеменге Татарстан Республикасының 12 дәрігері келді.
Шығыс Қазақстандық дәрігерлерге анестезиолог-реаниматолог, рентгенолог, пульмонолог, жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлері және ресейлік мамандар көмектеседі. Дәрігерлер тобын Татарстан Республикалық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің бірінші орынбасары Миннулин Марсель Мансурұлы басқарады.
"Бұл сапар екі елдің дәрігерлері арасында тәжірибе алмасу ғана емес, сонымен қатар коронавирусты емдеуде көмек болып табылады. Коронавирус - дұрыс басқаруды қажет ететін кезеңді ауру. Вирустың «сатылы сипаты» болғандықтан, науқастың жағдайының нашарлау кезеңдері бар. Ең бастысы - осы күндері дұрыс әрекеттерді қолдану, қажетті препараттарды қабылдау. Бұл оң нәтиже береді", - деді Минуллин.
Естеріңізге сала кетейік, Татарстаннан мамандарды тарту мақсатында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Татарстан Президенті Рустам Миннихановпен келіссөздер өткізді.
Басып шығару