КТК арнасының өкілі Атырау қаласындағы облыстық аурухана қызметкерлерінен сұхбат алған журналистердің ұсталуы туралы ресми мәлімдеме жасады.
Телеарна мәлімдемесі бүгін жарияланды. КТК өкілдері медицина қызметкерлеріне журналистерге араша түскені үшін алғыс білдірді.
Ресми өкілдің айтуынша, телеарна қазіргі уақытта алдыңғы қатарда қызмет етіп жүрген барша азаматтар мен дәрігерлердің жағдайын, мәселесін білуге тиіс.
«Жылдам әрекет ету штабының басшылығы Бас санитардың ережесінен бөлек ҚР Конституциясында БАҚ туралы заң бар екенін біледі ме? Бұл заң ақпарат өкілдеріне ерекше құзірет береді», - деген сауал жолдады КТК.
Телеарна облыстық әкімдік басшыларына, аурухана және Полиция департаменті басшылығына бірқатар сұрақтар қойды.
«Облыстық ауруханының дәрігерлері мен медбикелері карантинге жабылғанын неге білмейді? Олар өз талаптарын айтуға жиналып және проблемасын шешу үшін БАҚ өкілдерін шақыруға неге мұқтаж? Неге карантин жарияланған аймаққа шектеу белгілері қойылмайды? Облыстық аурухана басшылығы өз әріптестерімен қандай да бір түсіндіру жұмыстарын жүргізді ме?» - деп сұрайды арна редакциясы.
Белгілі болғандай, журналистерді ұстаған полиция қызметкерлері де карантинге жіберіліпті. Дегенмен, сол жерде болған басқа тәртіп сақшыларының ахуалы бізге беймәлім.
«Олардың тарапына қандай шара қолданылды? Медицина қызметкерлерін оқшаулау шарасы қандай негізде жасалды? Бұл тізімге тек коронавирус жұқтырғандармен байланыста болғандар ғана енді ме? Ал олардың әріптестері ше? 11- сәуір күні Облыстық аурухана ауласында болғандардың барлығы карантинге жіберілді ме?» - деп, КТК арнасы сұрақты жаудыра түсті.
Еске сала кетейік, 11-сәуір күні Атырау облыстық ауруханасының ауласында түсірілім жұмыстарын жүргізіп, дәрігерлерден сұхбат алғаны үшін КТК телеарнасының журналисті Бекен Әлирахымовты және оның операторы Манас Шәріповты тәртіп сақшылары ұстап, артынша карантинге жіберген-ді.
Басып шығару