Біздегі мерейтошылықтың үш жағы бар.
Біріншіден (және, әрине) озық ойлы ұлт мақтаныштарымызды еске алып, оларға тағзым еткен дұрыс! Бірақ біздің тағзымның өзі біртүрлі: жалпылама мақтау мен мақтанудан, дастархан мен «дөңгелек үстел» басындағы басқосудан аса алмай жатады. Бір сөзбен айтсақ, тағлымы түгелдене қоймаған тағзым. Ойшыл емес, тойшыл тағзым.
Екіншіден, бізде кез келген датаның еңсесін саяси конъюнктурамен басып, жаныштап тастау үрдісі әлі де сақталған. Не туралы, кім туралы айтса да, ар жағынан биліктің құлағы қылтиып көрініп тұрады-ақ! Яғни, белгілі бір тарихи оқиға не тұлға туралы әңгімені міндетті түрде ағымдағы билікке теліп тастаймыз. Өткеннің ұлысын ұлықтаудан басталған әңгіме бүгінгі биліктен пұт жасап, оны пір тұтуға ұласып жатады. Сөйтіп, сол ұлылар қазіргі өкіметтің тарихи адвокаты боп шыға келеді, яғни бүгінгі мемлекеттік саясат Әл-Фараби не Абайдың айтқандарымен жүргізіліп жатқандай әсерде қаласың. Осындай тәсілдің психологиялық әсері тіпті мықты, осындай мерейтойлық пиарды софистика мен казуистиканың таптырмас үлгісі деп қабылдауға болады.
Үлкен саясатты айтпай-ақ қоялық, билік басындағылар ең болмағанда Абайдың халық пен билік хақында айтқандарын басшылыққа алып, күнделікті қызметінде басшылыққа алғанда, жағдайымыз басқаша болар еді емес пе?
Міне, ұлы Абайдың 175 жылдығын атап өтейін деп жатырмыз (мен әдейі «тойлау» деген етістікті қолданып отырған жоқпын, әйтпесе, тойлау жағынан біз әлемдік чемпион емеспіз бе?!).
Үшіншіден, бізде бір жаман ауру бар. Кезінде, өз уақыты мен заманына сәйкес прогрессивті ой білдірген тұлғаның сөзін ешбір жағдайда өзгермейтін, қатып-семіп қалған догма ретінде қабылдап, Құранның сөзіндей сол күйінде қабылдаймыз. Сол тұлғаны мейлінше абсолюттендіреміз! Бәрін айт та, бірін айт: бізде белгілі тұлғаның шығармасын толық оқудың орнына одан цитата (дәйексөз) ғана келтіріп, білгішсінетіндер, өзінің жалған эрудициясын көрсеткісі келетіндер көбейіп бара жатыр. Ол ойпайымды автор қай заманда, қандай қоғамдық, экономикалық ахуалда айтты (айтуға мәжбүр болды!) – ол жағын бағамдап, ескеріп жатқандар некен-саяқ. Ондай мақтанымпаздық шығармашылық дертті мен «цитатизм» деп атар едім. Ол сырқат қоғамды және оның кейбір көрнекті өкілдерін дендеп бара жатқан сияқты.
Кезінде жұртпен бірге өмір сүріп, пендешілік танытқан тұлғаға шаң жұқтырмаймыз, одан фетиш жасап аламыз. Төрт құбыласы түгел, ешқашан да жаңылмаған, сүрінбеген образ жасаймыз. Содан барып ол бейнеге деген сенім азаяды, ерекше сыншыл болып өсіп келе жатқан жас ұрпақ ондай тұлғаның болуы мүмкін екендігіне шәк келтіріп, оны өзіне адами, өмірбаяндық үлгі ретінде қабылдай алмайды. Насихатшылар бір нәрсені ұғынуы тиіс: тарихи тұлғаның бейнесі неғұрлым шынайы, адам баласына тән бар қасиеттердің иесі ретінде – оның сөзсіз табыстары мен пендешілігін қоса отырып - сомдалса, оған деген ұрпақтық сенім арта түседі. Ұлы адам тұғырынан түсіп, елімен етене аралысып кетеді. Одан ол кішіреймейді, керісінше, үлкейе, зорая түседі. Өз ұрпағына жақындай түседі.
Бірақ, өткендерден емес, бүгінгілерден пайғамбар жасап жатқан біздің биліктен не сұрайсың?!
Абай мерейтойына қатысты билік бірқатар шешім қабылдап жатыр. Құп делік.
Өз басыма осы бастаманың екі тұсы ұнайды.
Біріншіден, президент Тоқаев өз мақаласында айтқандай, Абайдан үйрену, оның негізгі философиялық, дүниетанымдық ұстанымдарын бүгінгі күннің сөзсіз факторына айналдыру ниеті - қоғам болып қолдарлық бастама.
Бір ғана кемшін тұсымыз бар: Абайды ойшыл, философ ретінде өзіміз де толық ұғына алмағанымызбен қатар біз оның мұрасын басқа ұлттарға да таныта алмай келеміз. Оны аударғанда көп нәрсе тым қарабайыр, тым тұрпайы жеткізіліп жатқаны да жасырын емес. Сол себепті өзге жұрт Абайды, ұлттық қана емес, адамзаттық деңгейдегі тұлға ретінде қабылдамай, ұғына алмай, нәтижесінде – мойындай алмай келе жатқаны да рас!
Абайымызды басқа тілде Конфуций мен Гете, Шекспир мен Ницше деңгейіне жеткізе алмай жүргенімізге Абай емес, нақ өзіміз кінәліміз.
Мақалада айтылған ойлардың барлығымен дерлік келісемін.
Бірақ та онда айтылған мына екі ойдан биліктің бүгінгі күннің конъюнктурасынан әлі де арыла алмай келе жатқаны көзге ұрып тұр.
Президент жазыпты: «Біз егемен ел ретінде өсіп-өркендеуіміз үшін мемлекеттілігімізді нығайтуымыз керек. Заң үстемдігін және қоғамдық тәртіпті сақтау баршаға ортақ міндет екенін ұғынған жөн. Халықтың билікке деген құрметі болмаса – елдігімізге сын. Сондықтан азаматтарға, әсіресе, жастарға мемлекетті сыйлаудың мән-маңызын түсіндіру қажет».
Меніңше, бұл жерде глоссарийлік қана емес, методологиялық қателік орын алған! «Мемлекет» және «билік» деген екі ұғымды қатар қойып, теңестіру ниеті ап-анық көрініп тұр.
Баршамыз патриоты болып, саяси көзқарасымызға қарамастан бір адамдай атсалысып, ішкі және сыртқы қауіптерден аман сақтап қалу үшін жан-тәнімізбен күресуге міндетті қастерлі де киелі институт – мемлекет, Қазақ мемлекеті. Ал билік болса, одан дүниетанымдық та, моральдық та, саяси да мәртебесі бөлек, бүгін бар, ертең жоқ құбылыс. Екеуінің арасына теңдік белгісін қоюға болмайды.
Мақаладағы осы екіұшты ойдың артында «Билікті ғайбаттаған, оны мойындамағандар – мемлекеттің жаулары» деген қоғамдық салмағы өте-мөте ауыр пайым жатса керек. Оның өзі президенттің қоғаммен диалог жасау, сыни пікірге құлақ асу секілді жаңаша талаптарына үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын тезис деп санаймын.
Екінші дәйексөз мынау: «...елімізде түбегейлі саяси өзгеріс керек деген ойлар да жиі айтылып жатады. Бірақ бұл мәселе бойынша ұлттық мәмілеге келудің, мемлекет мүмкіндіктерін шынайы бағалаудың және жүктелген міндетке жауапкершілікпен қараудың маңызы зор. Өзгеріс деп байбалам салатындар еліміздің болашағын байыптамайды, жай ғана популистік идеяларға табан тірейді».
Бұл тұжырым да екіұштылау.
Ненің популизм, ал ненің популизм емес екенін кім анықтайды? Президент әкімшілігі мен? Кітапхана ма? Әлде биліктің сойылын соғып, шашбауын көтеріп жүрген тәуелсізсымақ сарапшылар ма?
Бұндай сұрақ қоюымның өз себебі бар.
Өйткені бізде бір жаман үрдіс қалыптасқан: өзіне жақпайтын, соның ішінде, өзінің алыс-жақын жоспарларына, монополистік болмысына кедергі келтіретін кез келген қоғамдық бастаманы билік сол сәтте «популизм» деп жариялап, қабылдамай жатады.
Егер де мен президент жариялаған өзгерістер кезеңінде:
«Билік қазба байлықтарын сатудан түскен қаржыны олигархтардың қалтасынан сала бергенше, халқымен бөлісуі тиіс. Әлеуметтік көмек өркениетті елдер деңгейінде болсын. Елбасы мен президенттің отбасы мүшелері халық байлығына негізделген бизнестен аулақ болсын. Сайлау комиссияларының құрамына оппозиция өкілдер енгізілсін. Сөз бостандығы қамтамасыз етіліп, цензура жойылсын» десем, мен популист болғаным ба?
Бұл тұжырымдар кез келген демократиялық елдерде салтанат құрып отырған жоқ па?
Қоғамдық сын мен талаптардың бәріне бірдей «популизм» деп, теріс баға беру – президенттің өзі жариялап отырған «өзгерістер кезеңі» идеологиясына мүлдем қарама-қайшы деп санаймын!
Екіншіден, Абай атамыз Семей өңірінен шыққаны қандай жақсы болды! Әйтпесе, оппозиция өкілдерінің бір шоғыры дүниеге келген осы намысшыл облысқа деген биліктің теріс көзқарасы о бастан белгілі еді ғой! Абай мерейтойы болмаса, өкімет осы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бұрынғыдай селқос, қылмысты көзжұмбайлықпен қарай берер ме еді, кім білсін...
Абай атамыздың мерейтойы Семей өңірінің бүгінгі мүшкіл жағдайына биліктің назар аударып, оң шешімдер қабылдауына мәжбүр еткені не деген ғанибет. Әйтпесе, 90-шы жылдары облыс таратылғаннан бері дәл осы аймақ қаржы жағынан қағажу көріп келе жатқаны ешкімге де жасырын емес. Енді, міне, той алдында үй мен ауланы жөнге келтіргендей, Семей өңірі де бір жасап қалатын сияқты.
Оған да тәуба.
PS. Батпандап кірген нәрсе мысқалдап шығады. Президент Тоқаев жөнсіз насихат пен жеке басқа табынуды сынап, жақсы ойлар білдірген-ді. Бірақ іс жүзінде, жағдай еш өзгере қойған жоқ сияқты: оның Абай туралы мақаласын барлық БАҚ күні-түні, жапатармағай, жарапазандатып «түсіндіре бастады». Меніңше, артық қыламыз деп тыртық қылып жатыр. Көкірегі ояу, көзі ашық аудитория сондай мақалаларды өзі-ақ оқып, өзі-ақ ұғынып жатыр емес пе? Плюралистік қоғамда мұндай науқаншылдық Абайға да, ол туралы мақаланың авторына да абырой бере қоймас.
Алдымен Абайдың өз сөзін ұғынып алайықшы, ағайын.
Абай туралы сөз бұрын да айтылды, ертең де айтыла бермек...