Өткен жылдың қорытындысы бойынша ішкі туристер санының рекордтық көрсеткіші тіркелді, ол 6,9 млн.адамды құрады, бұл пандемияға дейінгі кезеңнен жоғары. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен Үкімет отырысында мәлімдеді.
Ержан Еркінбаевтың айтуынша, туристік дестинацияларға келушілер саны артып келеді. Мәселен, Щучинск-Бурабай курорт аймағына келушілердің саны осы жылдың 7 айында 2 есеге дерлік өсіп, 550 мыңға жуық адамды құраған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 1 млн жетеді деген болжам бар.
Сондай-ақ өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда «Шымбұлақ» тау курорты туристерінің саны екі есеге өскен. І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Алматы тау кластерінің ұлттық парктеріне келушілер саны 50%-ға артқан. Биыл ұлттық парктерге 2 млн-ға жуық адам барады деп болжануда.
«EQonaq статистикалық деректеріне сәйкес, апта сайын Қазақстанға кемінде 11 мың шетелдік турист келеді. Шетелдіктерді орналастыру орындарында тіркеу бойынша көшбасшылар: Алматы қ., Нұр-Сұлтан қ. және Маңғыстау облысы. Биылғы жылдың наурыз айынан бастап өсім 136% - ды құрады»,-деді вице-министр.
Шетелдік келушілер санының өсуі халықаралық әуе қатынасын қалпына келтірумен, визасыз режимді енгізумен және оны ырықтандырумен тікелей байланысты.
Сондай-ақ, кеңес аясында Ержан Еркінбаев жұмсақ инфрақұрылым, туристердің қауіпсіздігі мен сервис сапасын арттыру бағытында атқарылған жұмыстар туралы хабарлады.
Басып шығару