Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Шарын шатқалында қайғылы оқиға болды. Сел салдарынан алты адам жарақат алып, 2 адам қаза тапты.
Зардап шеккен адамдарға шұғыл медициналық көмек көрсетілді. Сондай-ақ, хабарсыз кеткен адамдарға іздестіру-құтқару жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл туралы ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.
"29 мамыр күні сағат 13.35-те Алматы облысы ТЖД-ға Ұйғыр ауданындағы Шарын шатқалының төменгі бөлігінде балшық-сел жүргені туралы хабарлама келіп түсті, салдарынан 6 адам зардап шекті, 2 адам қайтыс болды, оның ішінде біреуі кәмелетке толмаған, бір адам хабар-ошарсыз кетті", - делінген хабарламада.
Әлеуметтік желілерде экскурсияға 300 оқушының барғаны туралы ақпарат тарады. Алматы облысы білім басқармасының баспасөз қызметі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтыны айтты.
"Шарындағы қайғылы оқиғаға қатысты. Әлеуметтік желілерде 300 оқушының экскурсияға барғаны туралы ақпарат тарады, алайда бұл шындыққа сәйкес келмейді. Оқушылардың саны нақтылануда. Зардап шеккендердің саны, экскурсияны кім және не үшін ұйымдастырғаны туралы барлық мәліметтер нақтылануда. Облыстың білім басқармасы мен әкімдік ақпарат жинастырып жатыр. Барлығы анықталған соң ақпаратты ұсынады", - деді Алматы облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.
Басып шығару