Онлайн форматта өткен кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Қазақстанның экономикасын дамытуда Атырау облысының орны ерекше екенін, мемлекетіміздің алғашқы ірі инвестициялық жобалары осында жүзеге асырылғанын, ол жобалар еліміздің экономикалық және энергетикалық қауіпсіздігі үшін берік негіз қалағанын айтты.
Аймақтағы республикалық маңызы бар жолдардың 85 проценті және облыстық маңызы бар жолдардың 61 процентінің ахуалы орташа немесе жаман. Осыны алға тартқан Мемлекет басшысы өңірде жол апатының жиілік кеткендігін де тілге тиек етті. Соның ішінде жиналғандардың назарын Орал-Атырау тасжолына аударды.
«Былтыр өңірде 232 жол-көлік оқиғасы болды. Соның салдарынан 69 адам, соның ішінде 6 бала қайтыс болды. Мұндай ахуал жыл сайын қайталануда. Әсіресе, Орал-Атырау тасжолына баса назар аударған жөн. Өкінішке қарай, бұл жол адам өміріне үнемі қауіп төндіріп отыр. Биылғы екі ай ішінде осы жолдың бойында 7 жол-көлік оқиғасы болып, 17 адам қазаға ұшырады. Сондай-ақ, 15 адам зардап шекті. Бір ғана жол апатынан 15 бала жетім қалды. Бұндай жағдайға жол бермеуіміз керек. Үкімет пен өңірдегі әкімдіктердің міндеті – жол қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету. Орал-Атырау тасжолының аймақ үшін стратегиялық маңызы зор. Барлық жолаушы және жүк тасымалы осы жол арқылы өтеді. Автожолдың бойында көлік тұрағы жоқтың қасы. Шын мәнінде, жолдың сапасы көңіл көншітпейді», – деді Тоқаев.