Қазақстанның Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов қазақстандық жанармайды Арменияға экспорттау бойынша құжаттарға қашан қол қойылатынын айтты.
«Біз армениялықтармен келісімге келген соң құжатты ішкі мемлекеттік процедуралардан өтуге жібердік. Келісуі тиіс министрліктер арасында кейбір мәселелер туып отыр. Нақты айтсақ, Қаржы министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігі бұл мәселеге екі түрлі көзқараспен қарап отыр. Біз келесі аптада осы мемлекеттік органдармен кездесу өткізіп, барлық мәселелерді талқылаймыз», - деді Мағауов.
Осыдан кейін құжат лингвистикалық және ғылыми-құқықтық сараптамадан өтуі тиіс. Аталған уақыт ішінде Армения тарапы да тасымалданатын жанармай көлемін айтуы қажет. Дәл осындай келіссөздер Беларусь және Қырғызстан мемлекеттерімен де жүргізіліп жатыр деседі.
«Менің ойымша біз барлық процедуралардан сәтті өтсек, бір ай көлемінде құжатқа қол қоя аламыз. Армениялықтар қажетті көлемін әлі айтпады. Логистиканың да оңай шаруа емес екенін айта кеткен жөн. Транспорт жолы өте қиын. Бірақ олар біздің өніміміздің қандай көлемі болса да өз нарықтарына шыққанын қолайлап отыр», - деді вице-министр.
Оның айтуынша, былтыр жазда Қазақстан Тәжікстан мен Ауғанстанның нарығына кірген уақытта жергілікті аймақтағы өнімнің бағасы төмендеген. Бұл келісімнен армениялықтар да осындай нәтиже күтеді.
Басып шығару