Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлеріне кластық шен тағайындауды ұсынды.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі мен «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі салық қызметкерлерінің әлеуметтік ахуалдың төмендігі мен жалақының аздығынан жемқорлыққа бейім екенін мәлімдеді», - деді министр.
Ол білікті мамандардың осы себептен жеке секторларға ауысып кеткенін айтып, тәжірибелі қызметкерлерден айырылып қалу қаупі бар екенін жеткізді.
«Сондықтан базалық табысқа үстеме қоса отырып кластық шен тағайындауды және бірегей киім үлгісін қалыптастыруды ұсынамын. Бұл шаралар біліктілігі жоғары мамандарды сақтап, сабақтастықтың жалғастыруға, сыбайлас жемқорлық деңгейін түсіруге, мемлекеттік кіріс органдарының статусын жоғарылатуға көмектеседі», - деді ол.
Кластық шен – кез келген саладағы лауазымды қызметкерге білімі мен тәжірибесінің негізінде берілетін деңгейік көрсеткіш.
Басып шығару