Мемлекет басшысына 2020 жылдың қорытындысы бойынша ел дамуының макроэкономикалық көрсеткішінің болжамды есебі мен республикадағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жайында баяндалды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал бақылауда екенін баяндаған Премьер-министр күнделікті жаңадан індетке шалдыққандардың саны 0,46 пайызға өскенін, еліміз бойынша коронавирустың өршу деңгейінің көрсеткіші 0,9 пайызды құрайтынын жеткізді. Жұқпалы аурулар ауруханаларының 29 пайызында, жансақтау бөлімдерінің 21 пайызында адамдар емделіп жатыр.
Асқар Мамин Мемлекет басшысына ұзақ мерзімді орта көрсеткіштер бойынша құрылыс саласының қарқыны айтарлықтай жоғары екенін айтты. Былтыр құрылыс жұмыстарының көлемі 12,5 пайызға артқан. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 14,5 пайызға көбейген немесе 15 миллион шаршы метр баспана тапсырылған. Ауыл шаруашылығы саласындағы өсім 5,0 пайызға жеткен. Тау-кен өндірісіндегі темір кені және өзге де пайдалы қазбалар бойынша өсім сақталды.
Фото: akorda.kz
Басып шығару