Мемлекеттен жәрдем алатын компаниялардың тізімін бюджеттен қаржыландырылатын монополистер мен ұлттық компаниялар жасаған-мыс. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Азат Перуашев айтты.
Қазақстандықтар дағдарыс уақытында мемлекеттен көмек алатын 361 компания туралы ақпаратты бір-біріне таратып, толассыз талқылап жатыр.
Перуашевтің айтуынша, ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов таныстырған жоба - Жетекші кәсіпорындар иелерінің жобасы.
«Реестрге бірде-бір ауыл шаруашылық және ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары кірмеген. Оның ішінде азық-түлік, киім, медициналық және гигиеналық тауарлар мен жеке қорғаныш құралдарын өндіретін компаниялар жоқ. Демек, бұл кәсіпорындардың өнімдері халық үшін бірінші қажеттіліктерді өндірмейді.
Бұл – монополия иелерінің бәсекелестерін сырып тастаған тізімі. Мысалы, тізімге құрылыс саласындағы компания кіреді де құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорын кірмейді. Реестрде көлік құрастыратын кәсіпорындар түгел қамтылады да, Өскемендегі зауыт кірмейді. Ал бұл зауыт Қазақстанда алғаш болып көлік құрастырған және қазір өндірістің толық циклімен жұмыс істеп тұрған кәсіпорын.
Құрылыс өндірісі одағының мәліметінше, реестрге монополия иелерімен қарым-қатынасы жоқ сегіз жетекші компания кірмей қалған», - деп санап берді депутат.
Оның айтуынша, 2011 жылдан бері елімізде министрлердің ұйғарымымен күшіне енген «Жетекші кәсіпорындардың критерийлерін анықтау туралы» бұйрығы жұмыс істеп тұр. Ал мына тізім осы бұйрыққа томпақ келеді...
«Бұйрыққа сәйкес, жалпы өндіріс көлемінен үлесі 0,1 пайыздан кем емес кәсіпорындардың барлығы жетекші деп саналады. Министр мұның орнына мемлекеттік сатып алулармен ақша тауып отырған ұлттық компаниялар мен кәсіпорындарды кіргізеді», - деді ол.
Депутат Премьер-министр Асқар Маминге сауал жолдап, аталған реестр жобасын талқылаудан алып тастауды сұрады.
«Мемлекет үшін монополиялар табысын қорғау маңызды ма, әлде миллиондаған азаматтарды жоқтықтан құтқару маңызды ма? Реестрге қатысты қоғамдық резонанстың тууы – экономиканың ғана емес, елдің, қоғамның өзгергенінің көрінісі. Ал бұл шындықпен мемлекеттік органдар, министрлер санасуға мәжбүр», - деп түйді сөзін депутат.