Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген көшелі тәмсілі бар. Екі қазақтың бірі біледі. Ғасыр бұрын айтылған сөздің жүзі қайтпаған алмас қылыштай екпіні бар.
Жүрек пен білектің ауызбіршілігін табамын деп ұмтылған арда азаматтың мұрасы әлі толық насихатталмай келеді. Бұлай деуімізге себеп – Бөкейхан бастаған бір шоғырдың сол тұста мерзімді басылым бетіне жариялаған мақалаларының талданбауы. Біз айтып отырған мақалалардың әрбірі кітапқа бергісіз. Құнды.
Айталық, біздің қоғамда Алаш ардақтысының «Әлихан Бөкейхан» деген аты ғана брендке айналды. Екі-үш ауыз қанатты сөзі кең таралып, ауыздан ауызға көшіп жүр. Бірақ тісі батып, Бөкейханның бүкіл жазбасын парақтаған һәм ойға тоқыған кісі қарасы аз.
Өткен ғасырдың басындағы, ортасындағы, аяқ шеніндегі мұқым елдің бар мұңы – осы, қазақтың туын жығып алмау. Бүгін де бұл мақсатты межелі жеріне жеткізе орындадық десек, қателікке бой алдырамыз.
Хош! Ел түзелді, қала салынды, халықаралық қарым-қатынастар жасалды, экономикамыз сүрініп-жығылып алға жылжып келеді. Бірақ, қараша халықтың күнкөрісі қиындады. «Күнкөріс» пен «өмір сүрудің» о бастан бөлек ұғымдар екенін түсініңіз. Қазақ отар болса да, бірнеше индустриялық революциялардың жаңашыл жаңғырығынан аулақ болса да, өмір сүрді! Өйткені, кедей, жатақ деп табалдырықтан әрі асырмайтын қазақтың өзінде мініс ат, сауын сиыр, ондаған уақ мал болды. Ішерден, киерден, мінерден қысылмады.
Ал шаһари тағдыр қазақтың кең өлшеп, мол пішкен көңіліне тұсау салды. Рас, күллі бақытсыздықты биліктің қамытына жеге салу да жөн емес. Бізде билік пен халық тарапынан бір-біріне достық құшағы ашылмай отыр.
Формула 1
Факт: Атқарушы органдар жалпылама жоба жасайды, оның көбісі шикі. Неге?
Аргумент: Өйткені, жауаптылардың сауырына қамшы сипайтын білімді адамдар аттың төбеліндей ғана.
Қорытынды: Айғайыңа пысқырмайтындарға сөзіңді тыңдату үшін басқа жол таппақ керек. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал». Біл, үйрен! Құйтырқы сүрлеулерге тұзақ сал!
Біздің қоғамның қазіргі бар арман-мүддесі – «мирный митингіге» рұқсат алу. Айғайқұмарлық, ұраншылдық – тарихтың қойнауында қалған методика. Бүгін ол жарамайды. Мерзімі өткен.
Бас салып қаралауға құмарлық таптық бөліністің әлеумет сахнасына көтерілуіне себепкер болады. Таптық бөліністің пердесі түрілсе, елден береке кетпек. Әлихан бабамыздың сөзін өзгертіп пайдалансақ, бүгінгі күннің беймаза тіршілігіне нүкте қойылар ма еді, бәлки?!
Мінез, эмоция, жарты плакатқа жазылған жетім жазу – бос сөз. Ұр да жық адамның әрекеті. Бұл тәсіл жүрмейді. Саяси пікірлердің алуандығы әрбір елде болатын процесс.
Көшеге плакат ұстап жүгіру – цивилизациядан аулақ адамның бейнесі. Шетелдегілерді уәж етпексіз бе?! Оларда партияаралық тартыс бар. Сол үшін белсенділік жоғары. Бізде қандай?! Екшеп көргейсіз...
Білімсіздік, сауатсыздық – ұлттың жауы, дерт. Осы дерт бойыңызда болса, сіз де жаусыз. Білімсіз азамат болып қалыптасу, өзгеруге талпынбау – тонналап ақша тонағаннан бір мысқал кем емес қылмыс.
Әлеуметтік білім дәрежесін, қоғамдық сауаттылық деңгейін арттырсақ, дауысымыз анық, жазуымыз дөп жетеді.
Басып шығару