Жазушы Бақытгүл Сармекова Лондондағы Tilted Axis Press баспасымен келісімшартқа отырды. Шетелдік баспа жазушының ағылшын тіліне аударған кітабын басып шығарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл жайлы жазушының өзі әлеуметтік желіде жазды.
«Лондондық баспа мені 2000 фунт стерлинг және он жыл бойы кітап сатылымынан түскен қаржының 8 пайызына бағалады! Керемет пе?! Иә ғой. Қалай мақтансам да артық болмайтын сияқты. Лондондық Tilted Axis Press баспасымен Миргүл Қали ағылшын тіліне аударған кітабымды басып шығаруға келісімшартқа отырдым бүгін. Ғажап күйдемін. Құдай «Мә, саған керек болса» деп бақытты үсті-үстіне үйіп берім жатқандай тіпті. Көп шығармаларым жәй қызығушылықпен жазылғандықтан әлі сасқалақтап қобалжып жүрмін», - деп жазады ол.
Жазушының өзі былтыр қатысқан Pen America байқауында қазылар алқасы аудармашы Миргүл Қалидің жұмысына риза болғанын жазады.
«Шығарманың бояуын сақтай отырып, автордың ирониясын, өткір әзілін әдемі жеткізе білді» деп мақтаған. Ондай аудармашылар өте аз, шығарманы жанымен түсіне алатындар көп емес. Бұл жерде жастарды қолдау, кітап шығару, форум өткізу, анау-мынау деген шаруалар формальді. Қолдау әдеби аудармашыларға қарай бұрылса, олар әлем мен мына біздің елдің ортасындағы көпір екенін мойындау керек. Миргүл болмаса Атырауда базарда іш-киім сатып, тып-тыныш жүрген мені ағылшындар нағылсын», - дейді ол.