Республикалық "Айқын" газетінде ҰҒА корреспондент мүшесі, философия ғылымдарының докторы профессор Раушанбек Әбсаттаров пен саяси ғылымдарының докторы, профессор Әміржан Шалтықовтың "Парасатты тұлға" деп аталатын көлемді мақаласы жарияланды. Мақала белгілі журналист, жазушы, академик Уәлихан Қалижан туралы.
У.Қалижан биыл 70 жасқа толды. Мерейтой қарсаңында авторлар белгілі журналистің еңбектерін тізбелей келе, мынадай естелік айтады:
"...Уәлихан Қалижанов «Лениншіл жас» газетіне саясаттың күйіп тұрған шағында келеді. 1986 жылдың 16 желтоқсаны күні БЛКЖО Орталық Комитетінің бюросы оны осы газеттің бас редакторы қызметіне қоюға келісімін береді. Желтоқсан көтерілісінің қаһарлы күндерінен кейін газеттегі қым-қуыт шаруаға араласып кетеді.
Уәлихан Қалижановтың бас редактор болған тұсы қайта құру мен жариялылық кезеңі деп аталды. Газетте «Қайта құру қаһармандары», «Бетбұрыс баспалдақтары», «Жариялылық және жаңалық» деген айдарлар ашылып, қоғамның келешегі туралы қызу пікірталастарға кеңінен орын берілді. «Лениншіл жас» жұрттың өз ойын еркін айтатын мәртебелі мінберіне айналды.
Осы газетте істеген жылдар оның ұйымдастырушылық қабілетін ашып қана қоймай, ұлт үшін аянбай қызмет етуге дайын басшы, саясаткер екенін танытты. Мысалы, Ақселеу Сейдімбек, Шона Смаханұлы сынды ұлтшыл азаматтарды айыптаған «Тат» мақаласын жариялаудан бас тартты. Ақын Есенғали Раушановтың бір топ өлеңдерін сол күндері газетіне бастырады. Ішінде атышулы «Қарабауыр қасқалдақ» деген өлеңі бар еді.
Наурыздың қайта жаңғыруына да «Лениншіл жас» газетінде жүргенде ол көп еңбек сіңірді. Наурыз мейрамының дінге қатысы жоқ, ертеден қалған мейрам екенін дәлелдеді. Соның арқасында Наурыз қайтып келді.
Санадағы сілкініс журналистикаға да әсер етпей қойған жоқ. Өткір публицистика әңгіме-повестерді ығыстырып, бірінші орынға шықты. Осындай кезде «Лениншіл жасты» құрылтайшының рұқсатынсыз бір-ақ күнде «Жас Алашқа» ауыстыру мүмкіндігі туды. Бұл, әрине, Уәлихан Қалижановтың қазақ баспасөзінің тарихында өз орнын талассыз айғақтайтын ерлігі болды. Сондықтан да «Жас Алаш» газетін Уәлихан Қалижановтың төл газеті деп атауға болады. Сөйтіп, тарихта «Жас Алаш» деген атты қайтару оның өз пешенесіне жазылды."
Басып шығару