Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 17 ақпан күні сағат 5.41-де өрт сөндіру бөліміне Тасқала ауданының орталық аудандық ауруханасы өртке оранды деген хабарлама келіп түскен.
Өрттің ауданы 15 шаршы метрді құрады. Өрттің себебі: 42 жастағы науқас бөлмедегі төсенішке от қойып, 2-қабаттың терезесінен секіріп түсіп, хабарсыз кеткен. Оны іздеу жұмыстары жалғасуда. Өрт сағат 06.16-да сөндірілді. 3 дана техника мен 11 өрт сөндіруші оқиға орнында жұмыс істеді, деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Айта кету керек, ауруханадан 20 науқас, оның ішінде 4 бала, 8 медициналық қызметкер құтқарылды.
Оқиғадан кейін науқастар Тасқала ауданының орталық ауруханасының бірінші қабатына жатқызылды.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі күдіктінің осы факті бойынша анықталғанын, ҚР ҚК 202-бабы «Мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
Басып шығару