Әлқисса, дүние дидарында «минималды жалақы көрсеткіші» деген ұғым салтанат құрып тұр. Бұл ұғым, бұл шек кейбіреу үшін қажетті болса, осы шекке шегеленгендер үшін қолайсыз-ақ. Минималды табыс мөлшерінің әлемдегі маңызы жұмысы бар қызметкерлерді жалақының азайып кетуінен сақтау болса, біздің қоғамдағы көрінісі сәл өзгешелеу.
Тәубә деп тағы да бір мәрте бас шұлғып алыңыз. Мына ақпараттан кейін ішкі эгоңыз оянып, бір жасап қаласыз. Минималды табыс мөлшерін есептеуді бар-жоғы 54 мемлекет қана қолға алған-мыс. Біз осы топта қара үзіп шаппай әрі топтан қалмай нақ 51-ші позицияны ерлікпен ұстап тұр екенбіз.
Бізден де кейінде жатқан қандай мүсәпір дерсіз. Минималды табыс мөлшері бойынша Қазақстан Республикасы Өзбекстан, Үндістан және Нигерия мемлекеттерін артқа тастапты. Біздікі ұяттылау минимум екен-дағы. Көрсеткіші – 98 доллар. Үндістанның жағдайы төмен адамдары 87 долларды қанағат тұтса, Нигерияда бұл мөлшер 74 доллар, ал шүкірлігі шектік жалақыны да асырмай отырған ала тақиялы ағайындарда 21 доллар екен.
Жалақысы минимум, МӘМС оның не теңі?
Қызығын қараңыз, Қазақстанда 2020 жылы минималды табыс мөлшері артпаса да, қолға тиетін сумма азайып қалыпты. Неге?! Бекітілген көрсеткіш 42 500 теңге болса-дағы, бұрын қолға 38 250 теңге тиетін еді, қазір бұл көрсеткіш мәндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын төлету арқылы 37 825 теңгеге қысқарған.
Жалпы, кез келген мәселені жоғарыдан қарап, түйінін шиеленістіре бермей-ақ заңды халықтың хал-жайына қарай ыңғайлауға болады. Бұл арттақалушылық емес, өркениеттің нағыз реалды үлгісі болар, бәлкім?! Өйткені, даму дегеніңіз сол елге, халыққа кез келген нәрсенің қолжетімді болуы, қарапайым ғана нәрселердің арманына айналып, түсіне енбеуі.
Мысалы, әлгі шектік жалақы мөлшерінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын қағып алу – көренеу қаралық. Қалтасында қуарған 42 500 теңгесі бар адам басы жарылса да, баласына нан алғысы келеді. Өйткені, емделу тегін болғанымен дәрі ақылы.
Әлеуметтік ахуалы төмен отбасыларға мемлекеттік ұйымдардан (аурухана, мектеп, балабақша, жұмыс орын) қолайлылық жасап, жеңілдік ұйымдастыру қажет. Рас, мектепте осындай жай-күйі төмен отбасылардың балаларына мектеп формасы, оқу құралдары, бір мезгіл ыстық тамақ берілетінін жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, бұл да әлі күнге дейін жеткіліксіз екенін қоғам айнасы назарымызға сәт сайын ұсынып келеді. Қарайтын көз болсайшы...
Біздер, біздер...
Сарнатып сауын айтып, жыртылған жердің тесігіне саусақ тығып ұлғайтқандай олқылықты тістене таратудан, тіл тигізіп бетке басудан аулақпыз. Біздікі осындай қоғамдағы ахуалды кей жауаптылар білмейтін шығар, мүмкін, оған ақпарат жетпейтін шығар деген ой.
Бірақ ресми ақпарат көздеріндегі статистикаға, ауыр пікірлерге көзің түскенде халықтың мүшесі екенің есіңе түсіп, зығырданың қайнайды. Кей көкелер осындайда ашуға да бой алдырып жатады. Әлбетте, жағдайы төмен отбасыларда кем дегенде 3-4 бала бар. Әйтпесе қу қара бастарын ғана асырап, үкімет таққан бұл «статусқа» ілінбес еді. Бала қамы, жан-жақтағы бәсекелестік, азық-түлік, киім-кешек қолжетімсіздігі, жұмысы жоқтық...
Қазақстанда биыл жалақы, тағы да түрлі әлеуметтік жәрдемақылар бірнеше пайызға көтерілді деп даурықтық. Пайызы қосылған жалақы берілмей жатып, азық-түлік қымбаттап үлгерді... байқатпай. Есептей келе 6-7 пайызбен өскенін байқаймыз, былтырғы бағамен салыстырғанда.
Міне, хал-ахуалдың көрсеткіші – осы. «Қолы қимылдағанның ауызы қимылдайды» деген нақылды да ұмытпаған абзал, әсілі...
Басып шығару