Қызылордада жаңажылдық мерекеге орай отшашу болмайды. Бұл мерекеге бюджеттен қаржы мүлдем қарастырылмағаны белгілі болды.
Қалада қысқы мейрамның сән-салтанатын аша түсетін жаңажылдық безендірулерге де қаражат бөлінбеген екен. Мерекенің басты нышаны болып табылатын қаланың бас шыршасы орталық алаңға 25 желтоқсан күні қойылатыны белгілі болды. Бірақ шырша маңында жылдағыдай думанды кеш ұйымдастырылмайды. Алаңда жұлдыздардың қатысуымен өтетін концерт те болмайды. Сондай-ақ қоғамдық іс-шараларға рұқсат етілмейді.
"Пандемия басталған кезеңде 2020 жылдың наурыз айынан бергі мерекелік шараларға бөлінген қаржыны біз мәдениет бөлімінен алып, басқа әлеуметтік қажеттіліктерге қарай бағыттадық. Дегенмен, елдің еңсесін көтеруге, халықтың мерекені сезінуіне жағдай жасау үшін біз бұрын алған қажеттіліктерді орнататын боламыз", - дейді қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов.
Еске салайық, бұған дейін Алматы қаласы Жаңа жылға орай безендірілмейтіні хабарланған еді. Қаланы безендіруге бөлінген қаражат коронавирусқа қарсы күреске пайдалану үшін бюджетке қайтарылған.