НҰР-СҰЛТАН. BAIRAQ.KZ - Астана әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкен Удмурт республикасының басшысы Александр Бречаловпен кездесті деп хабарлайды bairaq.kz тілшісі елорда әкімдігінің
баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Тараптар кәсіпкерлік, экономика, мәдениет және спорт саласындағы бірқатар жобалар бойынша өзара тиімді ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды қала әкімдігінің сайты. Удмурт Респбуликасының басшысы мен делегациясын құттықтай отырып, Бахтияр Мәкен Ресей мен Қазақстан арасында барлық деңгейде сенімді қарым-қатынас орнағанын, өңіраралық ынтымақтастық да белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. "Бізді Ресеймен сан ғасырлық бауырлас қатынастар байланыстырады, олар жыл сайын нығайып келеді. Біз Ресей өңірлерімен сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға үлкен мән береміз. Өз тарапымыздан серіктестік қарым - қатынасымыздың сізбен бірге қол жеткізген жетістіктерін жақсартуы үшін барлық күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз", - деп атап өтті қала әкімінің орынбасары. Ол сондай-ақ, Нұр-Сұлтан әкімшілігі Удмурт Республикасымен іскерлік ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі жаңа идеялар мен жобалар үшін ашық екенін атап өтті. Өз кезегінде Удмуртия басшысы Нұр-Сұлтан әкімшілігіне қонақжайлығы үшін алғысын білдіріп, ол астаналық әкімдік өкілдерін 18-19 қыркүйекте Удмуртияда өтетін М. Т. Калашниковтың туғанына 100 жыл толуына арналған қару-жарақшылар форумына қатысуға шақырды. "Қазақстан мен Нұр-Сұлтан кәсіпорындары үшін қорғаныс саласының кәсіпорындарымен қарым-қатынас жасау қызықты болады, оның үстіне форумның тақырыбы әскери емес, азаматтық және қосарлы мақсаттағы өнім болмақ. Бізде көптеген ортақ дүниелер бар, сіздердің форумдар, конференциялық алаңдарыңыз қызықты екеніне сенімдімін", - деп толықтырды Удмурт республикасының басшысы. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар нақты жобалардың Жол картасын жасауға келісті, оның аясында Удмуртия және Нұр-Сұлтан кәсіпорындары өзара іс-қимыл жасайды.
Басып шығару