Жалпы ішкі өнімнің соңғы онжылдықта қарқынды өсіп келе жатқанына қарамастан, Орталық Азиядағы қос мемлекеттің – Қырғызстан мен Тәжікстанның кедейлік деңгейі төмендемей келеді. Тәжікстан халқының 30 пайыздан астамы екі қолға бір күрек таппай сенделіп, аяғы жеткендер Ресейден нәпақа табуға лек-легімен аттануда.
Орталық Азиядағы мемлекеттердің көпшілігі экономикадағы дамуды өздерінің дұрыс жолда келе жатқанына куәлік еткенді қолай көреді. ЖІӨ көрсеткіші аталған аймақтарда керемет болғанымен, реалды картинаны жасыруға қауқарсыз екен. Экономиканың дамуынан, ең алдымен, жергілікті жердің тұрғындары, ел азаматтары игілік көруі тиіс.
Қырғызстанда 2000 жылдан бергі он тоғыз жыл ішінде кедейлік деңгейі тек 5 пайызға төмендеген, ал Тәжікстанда 7,7 пайызға. Азия даму банкінің нәтижесіне арқа сүйелік: осыдан екі жыл бұрын Тәжікстан халқының 30 пайызы адам төзгісіз кедейлікте өмір сүріп жатқаны анықталған. Ал Қырғызстан халқының 25,6 пайызы дәл осы ахуалды бастан кешіп отыр.
Егер қос мемлекетте де экономикалық өсім ауыз толтырарлықтай болса, онда кедейлік деңгейі неге тұралап қалды, не себепті халық ахуалы жақсармайды?
Ең бірінші себеп – жаңа жұмыс орындарының болмауы және жалақының төмендігі. Халықаралық тәжірибеде жаңа жұмыс орындарын ашу кедейліктің алдын алатын бірден бір шара болып саналады. Ал Душанбе мен Бішкек бұл шараны қолдануға белгісіз себептермен қауқарсыз. Сондықтан, Орта Азиядан миллиондаған адам Ресейге кетіп, отбасынан жырақ нан табуға бейіл.
Басып шығару