Қырғызстанда шенеуніктер лекция тыңдайтын Ислам академиясы ашылмақ деп хабарлайды Вairaq.kz порталы Аzattyq.org сайтына сілтеме жасап.
Қырғызстан Біріккен Араб Әмірліктерімен бірлесіп елде Ислам академиясын ашпақ. 11-12 желтоқсанда Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков БАӘ еліне іссапармен барғанда академия ашу туралы келісімге қол қойды.
Қырғызстан білім министрі Каныбек Исаковтың сөзінше, академия ислам дінінің негізгі қағидаларын – “аяушылық, шыдамдылық, қайырымдылықты” – оқытады.
“Мысалы, Татарстанда қазіргі заманға бейімделген ислам академиялары бар. Ондағы білім беру бағдарламасы қазіргі ғылым мен діннің негізінде жасалған. Біздегі Ислам академиясы мемлекеттік стандарттарға сай жұмыс істеп, теологтарды дайындау бағдарламаларымен толығады” деді министр.
Исаковтың сөзінше, мемлекеттік органдар мен жергілікті билік өкілдері де академияда лекция тыңдап, “қоғамдағы түрлі діни ағымдарды ажырата білудің қыр-сырын үйренеді”.
“Мұның бәрі қоғамдағы тыныштық үшін жасалып жатыр. Академия жұмысын білім министрлігі қадағалайды” деді ол.
Бұған дейін президент Жээнбеков Қырғызстанда “ата-бабадан қалған дәстүрлі діни құндылықтарды” насихаттау керегін айтқан. Бірақ Жээнбеков дін мемлекеттен бөлек екенін де еске салған.
Басып шығару