Александр Лукашенко коронавирус инфекциясымен күрестегі Беларусь тәжірибесінің бүкіл әлем үшін баға жетпес екенін айтты.
Бүгін Минскіде Беларусь президенті Александр Лукашенконың қатысуымен жиналыс өтті. Онда эпидемиологиялық маусымдағы денсаулық сақтау тақырыбы талқыланды.
Лукашенко Беларусь тәжірибесін әлем үшін баға жетпес деп атаған.
"Біз алған тәжірибе бағасыз. Біз таңдаған жол да бүгінде әлем үшін бағасыз болып отыр. Иә, біз өткен жолға, адамдарымызды емдеген әдістерге, оларды оқшаулап, жаппағанымызға, таза ауада болуға кеңес бергенімізге ешкім рахмет айтпайды. Бірақ егер сен дәріханаға, дүкенге бара жатсаң өзіңмен бірге міндетті түрде маска ал", - деді Беларусь басшысы.
Ол COVID-19 көктемгі шарықтау кезінде Беларусь денсаулық сақтау жүйесінің жақсы медициналық тәжірибе жинағанын атап өтті. Коронавирус пандемиясы басталғалы бері Беларусьта 81 505 вирус жұқтыру дерегі тіркелген. Оның 874-і аурудан қайтыс болды.
Басып шығару