Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев коронавирусқа қарсы күрес үшін құрылған антикризистік қорға 10 трлн сум (1 млрд 51 млн доллар) қаражат бөлді.
«Резервтік қор құру және макрэкономикалық жағдайды тұрақтандыру – үкіметтің ең басты тапсырмасы», - деді президент. Өзбекстан қор мен мемлекеттік бюджеттегі қаражаттың орынын халықаралық қаржы институттары арқылы толықтыруға мүдделі.
Мирзиевтің айтуынша, қордағы қаражат коронавирустың кең таралуының алдын алу мақсатында жұмсалады. Халықты медициналық дәрідәрмекпен, қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету керек. Коронавируспен күресуге 5,5 мың медицина қызметкері бағытталған, олардың жалақысына 120 пайыздық сыйақы төленеді.
Көлемді шығын кәсіпкерлерді қолдау мен қоғамдық қолдауға бағытталады. Эпидемия кесірінен қонақ үй бизнесінен 90 млрд сум (9,4 млн доллар), көлік-логистика ісінен 650 млрд сум (68 млн доллар), қоғамдық тамақтану бағытынан 180 млрд сум (18,9 млн доллар), ішкі саудадан 3,6 трлн сум (378 млн доллар) несие қайтарылмай қалу қаупі бар.
Қазір балалар мектепке және балабақшаға бармайды, Өзбекстанда көпшілік онлайн режимге өткен. Ал жұмысы қысқарғандарға аймақ басшылары көмек беруі тиіс.
Еске сала кетейік, 15-наурыз күні Өзбекстанда алғашқы науқас табылған мезетте билік шекараны жауып, әуе, темір жол, автомобиль қатынастарына тыйым салды.
Басып шығару