Ресми, бейресми мәліметтерге сүйенсек Өзбекстан, Ресей, Қытайдың өзінде 5 миллионнан аса қазақ бар. Атажұртынан қол үзіп, түрлі себептермен жер жаһанның түкпір-түкпірінде тарыдай шашылып жүрген қандасты ұйыстыратын бір-ақ құдірет болса, ол - тіл. Ұйысу үшін әуелі ұғыса алу керек. Ал ұғысуы, өзге елде жүріп өз ана тілінен қол үзіп қалмаулары үшін тиісті жағдай жасау біздің міндет.
Дүниежүзінде белгілі бір халықтың тілін, әдебиетін, мәдениетін, тарихын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін насихаттауға бағыталған институттар баршылық.
Оған мысал ретінде түріктің Юнус Эмре институтын, немістің Гёте және испаниялық Сервантес институттарын келтіруге болады. Бұлар тек тіл үйретумен шектелмейді, мәдениет, өнер саласындағы еларалық өзара әріптестікті одан әрі дамытуды, достықты нығайтуды мақсат етеді.
Осы орайда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті еліміздегі тіл саясатын жүзеге асырудың 2020 - 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылдан бастап «Абай институты» ашық білім беру-танымдық жобасын жүзеге асыра бастады.
Тіл саясаты комитетінің үйлестіруімен Қазақстан Республикасының елшіліктері арқылы бүкіл әлем бойынша қазақ тілін, әдебиеті мен мәдениетін насихаттау, шетелдердегі қазақ ирреденталарының (диаспора), шетел азаматтарының қазақ тілін меңгерулеріне жағдай жасау, Абайдың шығармашылығы мен идеяларын таныстыру, сол арқылы елімізді насихаттау – «Абай институтының» басты мақсаты.
«Абай институты» жобасы аясында АҚШ, Түркия, Ресей, Франция, Германия, Британия, Бельгия, Иран, Моңғолия, Өзбекстан, Мажарстан мемлекеттерінде қазақ тілі кабинеттері ашылып, оқыту офлайн және онлайн форматтарда жүргізілуде. Қазақ тілін оқытуға жауапты кураторлар белгіленген. Былтырғы жылдан бері білім алушылардың саны біршама өскенін атап өткен жөн.
Шетелдегі отандастармен жұмысты ұйымдастырып, жоғарыда аталған елдердегі қазақ тілі кабинеттерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп отырған «Отандастар қоры» АҚ-ның рөлі ерекше.
Енді биыл 8 мемлекеттегі 10 қалада, атап айтқанда, Нью-Йорк, Лондон, Париж, Берлин, Ұлан-Батыр, Ыстамбұл, Анкара, Орынбор, Омбы және Иранның Горган қаласында офлайн режимдегі қазақ сыныптарын ашу жоспарланып отыр.
Курсты қазақ тілін үйретіп жүрген отандық оқытушылар мен әдіскерлер өздерінің жылдар бойы қалыптасқан тәжірибелері негізінде деңгейлер бойынша жүргізуде.
Шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдеріне қазақ тілін үйретіп жүрген оқытушылардың біліктілігін арттыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Бұл мақсатта «Қазақ тілін үйрету: отандық және шетелдік тәжірибе» курсы ұйымдастырылды. Курс қатарынан екі жыл өткізілді және алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Мәселен, 2020 жылы онлайн режимде ұйымдастырылған қазақ тілі оқытушыларының біліктілігін арттыру курстарына 46 оқытушы қатысса, 2021 жылы 239 оқытушы қатысты (Өзбекстаннан 122 оқытушы, Моңғолия – 50, Ресей – 43, Мажарстан – 2, Түркия – 4, Польша – 1, Ұлыбритания – 2, Бельгия – 2, Иран – 3, Франция – 2, Германия – 8).
Жобаның жалпыға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін «Абай институты» ашық білім беру-танымдық жобасы аясында «Аbai.institute» порталы іске қосылды. Енді шетелдегі қандастарымыз ғана емес, ел азаматтары да кез-келген уақытта порталдың мобильді нұсқасын Android, iOS платформалары арқылы жүктеп алып, қазақ тілін үйрене алады.
Қазір Димаш тәрізді танымал адамдардың ықпалымен әлем елдеріндегі түрлі ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген қызығушылықтары артып келді. Осы ретте біздің жобамыз олар үшін таптырмас құрал дер едім.
«Abai.institute» порталының интерфейсі 6 тілде (орыс, ағылшын, түрік, неміс, француз, парсы тілдері) берілген. Порталда әрбір тіл үйренуші өзінің жеке кабинетін ашып, қазақ тілін орыс, ағылшын, түрік тілдері арқылы меңгере алады. Сабақты виртуалды оқытушы жүргізеді.
Порталдың «Қазақша үйрену» web-қосымшасы әліпби, этикет, сапа, үйге арналған заттар, сандар, менің отбасым, киім, мамандық, тамақ, уақыт, мезгіл, орта, хобби/театр/демалыс, саяхат, мереке бөлімдерінен тұрады. «Сабақ» бөлімінде алған білімді «сұқбат» бөлімі арқылы шыңдап, бекітуге болады. «Абай әлемі», «Қазақша үйрену», «Ақпарат», «Кітапхана», «Форум», «Елтаным», «Медиа» қызметтері істеп тұр.
Портал күнделікті жетілдіріліп, контенті толықтырылып отыр.
Аталған порталға А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлері бойынша сабақтар енгізілген.
Сонымен қатар шетелдегі қазақ диаспорасына арналған қазақ тілін үйрететін әмбебап басылым әзірленді. Бүгінгі таңда басылымның А1, А2 деңгейлері бойынша контенті қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдерінде дайындалып, порталға орналастырылды.
Сондай-ақ порталға сілтеме Қазақстан Республикасы бойынша бірыңғай білім беру порталы «kundelik.kz» және барлық мемлекеттік органдардың ресми парақшалары мен инфо-жүйелеріне, жоғары оқу орындарының сайттарына енгізілді.
Бұл мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге өз үлесін қосатыны сөзсіз.
Әділбек Қаба,
Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің
Тіл саясаты комитетінің төрағасы
Басып шығару